Кәсіпкерге шабуыл жасалды

247

Оңтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері жеке кәсіпкерді өлтіруге оқталған күдіктілердің ізін суытпай құрықтады.
2014 жылдың маусым айның басында Сарыағаш аудандық ішкі істер бөліміне 15:30-дар шамасында аудандық аурухананың жан сақтау бөліміне мойын тұсынан оқ жарақатын алған 42 жастағы азамат жеткізілгені туралы хабарлама келіп түскен.

Оқиға орына жеткен жедел-тергеу тобы күндізгі сағат 3-тер шамасында ауылдағы көшелердің бірінде жәбірленушіге нөмірі белгісіз «Тойота» маркалы автокөлігімен келген екі белгісіз азамат оқ атып, содан соң 8,5 миллион теңге салынған сөмкесін алып кеткенін анықтайды.

Оқиға орнынан полиция қызметкерлері 32 калибрлі аңшы мылтығынан атылған оқтың бос қорабын және жәбірленушінің автокөлігін, қан дақтары мен басқа да айғақ заттарды тауып алды. Аудан бойынша жедел тосқауыл жоспары жарияланды. Сол күні жүргізілген жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде екі күдікті ұсталды. Олар 1975 жылы туылған, ақша айырбастау орнында жұмыс істейтін азамат пен 1993 жылы туылған жалған ақша жасаушы болып шықты. Жас жігіт бұрын сотты болған. Ұсталған екі күдікті де қылмыстарын мойындаған.

Тергеу кезінде 39 жастағы күдіктінің жәбірленушінің әріптесі болғаны, ол осы қылмысты ұйымдастырғаны анықталды. Сондағы көздегендері — әріптесіндегі үлкен сомадағы ақшаны алып кету. Сол күні жәбірленушіге долларды теңгеге айырбастау үшін адам жоқ жерді алдын ала белгілеп, кездесуге шақырған. Сезіктілер айтылған жерге келіп, күтіп тұрған жәбірленушінің артқы жағынан қарудан оқ атып, содан соң ақшаны алып, қашып кеткен.

Қазіргі таңда айғақты зат ретінде 32 калибрлі «Сайга» аңшы қаруын, травматикалық тапанша, гильза бытыра және 6 миллион теңгеден астам ақша салынған сөмке алынды. Аталған жайтқа байланысты адам өлтіруге оқталу дәйегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауда жатыр.