Жеңімпаздар марапатталды

Оңтүстік өрендері өнерлерімен тәнті етті. Х дельфийлік ойындары облыстық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жүзден жүйрік танылған жас таланттарға арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Жеңіс төрінен қара домбырада күмбірлете күй шертіп, халық қазынасын дәріптеген Нұрсұлтан Оразтаев та көрінді. Саз колледжінің студенті 1-орыннан көріну басты мақсаты болғанын айтады.

Нұрсұлтан Оразтаев
Нұрсұлтан Оразтаев

Нұрсұлтан Оразтаев, жеңімпаз: «Дәл қазіргі әсерім – үлкен толқыныс үстінде тұрмын. Себебі 1-орынды жеңу арман деп ойладым. Енді, міне, сол орынды иемдендім. Алда енді Орал қаласынан да жеңіспен оралғым келеді. Домбыра өнері – мен үшін жәй ғана қызығушылық емес, ол менің өмірімнің бір бөлшегі. Мен өзімді домбырасыз елестете алмаймын. Сондықтан алдағы уақытта осы салада тер төгетінім анық.»

Х дельфийлік ойындар өнердің түрлі 14 саласы бойынша өрбіген. Қылқобыз, домбыра өнері халық қазынасын дәріптесе, вокал, дәстүрлі ән сайыстары нағыз күміс көмейлерді анықтады. Ал халық биі мың бұралған бишілердің өнерін паш етті.

 

Биылғы байқаудың ерекшелігі сол –  сайысқа 205 жас өнерпаз қатысқан. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 2 есеге көп. Айтпақшы, биылғы өнер байқауына ұйымдастырушылар қанша қаржы жұмсалғаны белгісіз.

Дінмұхаммед Жақыпбеков, «ДОС» Қазақстанның жас ғалымдар одағы» қоғамдық бірлестігінің төрғасы: «Жеткілікті қаржы бөлінді. Бірақ, қанша екені жасырын. Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі – талантардың дәрежесінің жоғарылығында деп білемін. Сондықтан алдағы республикалық додада бізде жүлделі орындар көп болады деп сенеміз.»

Жеңімпаздар марапатталды
Жеңімпаздарды марапаттау сәті 

Жамбыл Мейірбеков, студент: «Дельфийлік ойындардың қоғамға, жастарға үлкен пайдасы бар деп айтар едім. Себебі, ауылдың жастары көбіне тасада қалып қояды ғой. Ал бұл жарысқа ауылдың белсенділері де қуана қатысып жатыр. Құдай қаласа, облыста жеңімпаз болғандар республикалық деңгейге шығады. Осылай танымал болады. Өнерлі жастарға тек қана шығармашылық табыс тілейміз!»

Байқауға 205 жас өнерпаз қатысты
Байқауға 205 жас өнерпаз қатысты

Талантты жастарға қолдау көрсету мақсатында қолға алынған өнер сайысы сән-салтанатымен, арнайы қолға алынған концерттік бағдарламасымен тәмамдалды. Сонымен қатар бұл жеңімпаздар ағымдағы жылдың 26-маусымында Орал қаласында өтетін жастардың ұлттық дельфийлік ойындарының республикалық сайысында облыстың намысын қорғайды.