Сүйінші! Өзгеге кеткеніміз өзімізге оралды. Шымкенттегі «Қазақстан» кинотеатрының ғимараты мемлекет меншігіне өтетін болды.
Кезінде түрлі фильмдердің тұсауын кесіп, көрерменіне көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған «Қазақстан» кинотеатры жекенің қолына өтіп кеткен болатын. Тіпті, мәселеден-мәселе туындап, сол кезде ғимарат банктің құзырына да өтіп кеткен еді. Енді, міне, тиісті келіссөздердің нәтижесінде ғимарат ел игілігі үшін берілейін деп отыр.
«Қазақстан сарайы». Мемлекеттің меншігіне қайта өткен ғимарат енді осылай аталмақ. Бір кездері тойханаға айналып кетуі мүмкін болған нысанға облыстағы 20 мәдени орталықтың өкілдері көшпек. Оңтүстікке 4 мәдени сарай қажет болса, соның бұл — біріншісі.
Қалдыбек Құрманәлі, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Бұл ғимаратты біз 300 миллион теңгеге сатып алып жатырмыз. Бұл, енді, салыстырмалы түрде айтқанда тегін емес, су тегін. Себебі, анадай көлемдегі ғимаратты сондай бағаға сатып алу — мүмкін емес нәрсе. Кинотеатр орналасқан жердің өзін ондай бағаға ешкім сатпайды.»
Облыстық ішкі саясат басқармасы «Достық үйінің» де тағдырын шешіп қойса керек. Бұл жерді қаламыздағы белсенді жастардың еркіне бермек. Бұл — шаһар үшін қажетті екінші сарай.
Қалдыбек Құрманәлі, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Достық үйі» «Қазақстанға» көшсе, сонда «Достық үйінің» орны босайды. Ол — әл-Фараби алаңында тұр. Болашағымыз жастар ғой? Солар ертеңгі күннің үміті. Ертең бізді «Мәңгілік елге» айналдыратын жастар. Сонда «Сейфулин атындағы жастар сарайы» болып, дап-дайын болып шыға келеді. Оны күрделі жөндеуден өткізу үшін қаржы қарастырылып жатыр.»
Облыс үшін қажет үшінші мәдени сарай — Нұрсәттегі жаңа әкімшілік орталықтың аумағында салынып жатыр. «Түркістан» деп аталатын су жаңа ғимаратта саяси жиындар ұйымдастырылатын болады.
Мәдени ошақтарға қатысты жағымды жаңалықтар тек бұл емес. Облыстық драма театрдың хасбетінің жақында ғана күрделі жөндеуден өткенін жақсы білесіз. Жергілікті билік енді оның ішкі құрылымын күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр. Қазынадан бөлінетін 300 миллион теңге театр залының толықтай жаңаруына жұмсалатын болады. Мұндағы бірінші, екінші қабаттардағы орындықтардың барлығы да толықтай ауыстырылып, сахнадағы жарықтандыру, сәулелендіру құрылғыларының барлығы да заманауи талапқа сай болады. Яғни, мұндағы желдеткіш те, жылу жүйелері де жаңа кейіпке енеді.
Ішкі саясат басқармасы бұрынғы «Фосфоршылар сарайын» да ұмыт қалдырмапты. Көптен бері мемлекетке қайтуы қиын болып жүрген ескінің көзін салт-дәстүрлерді насихаттайтын орталыққа айналдырсақ дейді. Бұл — мәдениет пен өнерге қажет төртінші мәдени ошақ.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=kUrZ_Il8G6g[/youtube]
Қалдыбек Құрманәлі, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Қаланың тағы бір жерінен сарай ашу қажеттігі туып тұр. Ол — кешегі «Фосфор сарайы». Ғимарат қазір мен өте сыйлайтын Тоқтар деген азаматтың меншігінде болу керек. Ол жігітке кәсіпкер ретінде де, өнер адамы ретінде де, азамат ретінде де құрметпен қараймын. Ол азаматпен де біз түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. «Фосфор сарайы» халыққа берілсе, сонда автоматты түрде бір сарайдың аты дайын тұр. Ол — «Қазығұрт» сарайы. Бұл — менің жеке ойым, идеям.»
Әзірге бұл мәселені шешу үшін арнайы келісімдер жасалмапты. Бірақ болашақ үшінші мегаполистің төрт бұрышынан қызмет ететін нысандар жоғарыда айтқандай мақсаттарда жұмыс істемек. Жауаптылар ойға алғанды енді іске асыруды ғана жоспарлап жүр.
Осы ретте Шымкентте кинотеатр болмай ма деген сауалдың туындайтыны рас. Бұл сұраққа Қалдыбек Құрманәлі Шымшаһар үшін ондай орталықтың қажеті жоқ деген жеке пікірін білдіреді. Өйткені, кинотеатр ашу тек шығын әкеледі дейді ол. Әрі «Мега орталықта» 4 кинотеатр залының барын ескерген басшы кейбір фильмдердің тұсауының сонда кесілетінін айтты. Тағы да айта өтейік, бұл — шенеуніктің жеке пікірі.