Шымкентте мемлекеттік рәміздер күні тойланды

960

Маусымның төрті- Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні. 1992 жылғы маусымның 4-де тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Бұл күн ел тарихында мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады. Мемлекеттік рәміздер күні — Қазақстандағы мүлде жаңа мейрам, әйтсе де оны қазақстандықтар асқан патриоттық сезіммен мерекелейді. Шымкенттің төріндегі «Тәуелсіздік» саябағында рәміздер күні салтанатты түрде аталып өтілді. Айтулы датаға орай қаламызда патриоттар форумы қолға алынды. 

Көпшілік Ордабасы алаңына жиналды
Көпшілік Ордабасы алаңына жиналды

Мемлекеттік рәміздер күні «Жер ана» монументіне гүл шоқтарын қоюдан бастау алды. Көпшілік тәуелсіздік жолында опат болған азаматтарды бірауық еске алды. Ал қала жастары рәміздерді ұлықтайтын мерекелік шеру ұйымдастырып, қолдарына қағида сөздер жазылған жалауларды алып жүрді.

жастар қағида тақташаларын алып шықты

Ырысалды Атығаев, ОҚМПИ жастар ісі комитетінің төрағасы: «Мемлекеттік рәміздер күнін қарсы алып жатқанымызға өте қуаныштымыз. Мен ғана емес, мұнда жиналған барша жас бақытты ұрпақ деп ойлаймын. Көпшілік өзінің еліне деген сүйіспеншілігін, еліне деген патриоттық сезімін осылай жиналып, көрсетуі керек. Мұндай шаралар мен шерулер бізге — жастарға көп үлгі, тәрбие береді.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=V6abRTya3wE[/youtube]

Мереке аясында өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды. Арасында патриот жастарды тәрбиелеп жүрген ұстаздар мен құқық қорғау органдарының мамандары да бар. Ұйымдастырушылар биыл бұл мерекені жылдағыдан өзгерек атап өтуді жөн көріпті.

Қалдыбек Құрманәлі, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Биыл бір өзгеріс енгізуді қаладық. Қуанышты жағдай, сәтті күні қазақта «Қой егіз туады» дейді. Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік филармониясының ұлттық музыка аспаптар оркестрі осы мемлекеттік рәміздер күніне орай біздің өңірге арнайы келіпті. Енді сол өнерпаздар 10 күнге жуық біздің аудандарды аралап, өнерлерін ұсынатын болады.»

Мемлекеттік рәміздер мерекесі аясында патриоттық тақырыптағы әндер де шырқалды. Осылайша Қазақстандағы ең жаңа мерекені атап өтудің үрдісі қалыптаса бермек.