Оңтүстіктің қыз-келіншектері ерлердің мамандығын меңгеріп жүр. Шымкентте жүргізушілері нәзік жандылардан құралған ерекше жедел такси қызмет көрсете бастады. Темір тұлпарды тізгіндеген әйелдер үшін тұтынушыны үйіне жеткізу — жан бағатын қызмет қана емес, өздерінің кез келген шаруаны басқара алатынын дәлелдеу.
Елена Леовенко — тәжірибесі мол жүргізуші. Жеті жылдан бері темір тұлпардың тізгінін басқарып келеді. Соңғы 2 айдан бастап такси жүргізушісі қызметіне ауысыпты. Кейіпкеріміздің айтуынша, жол полицейлері жүргізушінің мамандығын қызық көріп қана тоқтатады. Бірақ, жол ережесіне аса сақтықпен қарайтын оның көлігіне көбіне ер адамдар отырудан бас тартады екен. Мамандығына үлкен жауапекершілікпен қарайтын Еленаны бұл жағдай жабырқатып жүрген жоқ.
Елена Леовенко, такси жүргізушісі: «Әйел адамының көлікті басқаруы — сақтықтың кепілі! Себебі, нәзік жандылар ерлерге қарағанда сезімтал әрі сақ болады ғой. Көбіне жол апатына да ерлер ұшырайды, көлік басқарушылардың көбі бірін-біріне жол беруді білмей, жарысқанды жақсы көреді. Бұл дұрыс емес.»
Елена қызмет ететін таксиде рөлге тек әйелдер отырады. Олар, тіпті, автокөліктің дөңгелегін өздері үрлеп, аздаған сынған-қираған жұмыстарын да жөндей береді. Айтпақшы, нәзік жандылардың осы қызметке орналасуы үшін қатаң кастинг өтіпті. Сымбатты болу аса маңызды емес, басты талап — жүргізушінің тәжірибесі 4 жылдан кем болмауы тиіс.
Дмитрий Шульженко, такси паркінің директоры: «Әрине, әйелдің түр-келбетіне де назар аударамыз. Себебі, тұтынушымен мәдениетті тілдесуі маңызды. Бірақ, сыртқы келбетті реттеуге болады ғой. Ал киім үлгілерін айтар болсам, жүргізушілеріміз үстеріне ашық, төменге жабық түсті киім киеді.»
Әйел жүргізушілерден құралған жедел такси қызметінің басшылығы осы кәсіпті қолға алар кезде тұтынушыларының басым бөлігі қыз-келіншектер болады деп бағамдапты. Нәзік жандылардың көлігіне отырғандар қызық әңгіме-дүкеннің арқасында алыс жол жақындады, қызықты сапар болды деген пікірлер білдіріпті. Айта кетейік, жедел такси қызметінің жүргізушілері жерлестеріміздің бұл мамандықтарына салмақпен қарауларын сұранады.