Шымкентте халал орталық ашылады. Қазақстан бойынша бізде ғана жұмысын бастағалы отырған жобаға малайзиялық «Мардитеч» корпорациясы мұрындық болып отыр. Ал нысанның өзін Шымкенттегі логистикалық орталықтың жанынан ашу көзделуде.
Оңтүстікте «Халал хаб» құру жобасы — бұл біздің кәсіпкерлердің осы жылдың мамыр айында Оңтүстік Корея мен Индонезия және Малайзияға жасаған іс-сапарының нақты нәтижесі. Қазақстанның халал өндірісін дамытуға деген ниетін қош көрген малайзиялықтар маусымның басынан бері облыстағы ауыл-аудандарды аралап, төрт түліктің етін зерттеп жүр.
Анас Ахмед Насарудин, «Мардитеч» корпорациясының топ жетекшісі: «Шынымызды айтсақ, сіздердің елге келіп, етке әбден тойдық. Дәмі керемет. Еуропада мұндай мал еті өте жоғары бағаланады. Осындай органикалық таза етпен сіздер әлем нарығында көшбасшы бола аласыздар. Біз сіздерге бұл мәселеде көмек беруге дайынбыз.»
Халал тағамдардың қатарына алдымен біздегі жұмыртқа өндірісі алынбақ. Ол үшін малайзиялықтар облыстағы «Шымкент-құс» фабрикасымен келісімге келіп отыр. Шымкенттің жұмыртқасы халал асқа айналғанда 10-15 пайызға қымбаттауы мүмкін. Бірақ, адалдап алған асымыз денсаулыққа өте пайдалы болмақ.
Әбілқасым Досболов, «Шымкент-құс» фабрикасы директорлар кеңесінің төрағасы: «Біріншіден, холестерин азаяды, екіншіден, қан қысымын төмен түсіреді, үшіншіден, онкологиялық ауруларға қарсы иммунитет пайда болады. Сондай-ақ, жұмыртқа ешқандай сальмонеллез бен «құс тұмауы» болмайды. Және жұмыртқаның сақталу мерзімі екі-үш айға ұзарады.»
Ал халал еттің жайы әлі де талданады. Ол үшін малайзиялық әріптестер Оңтүстікте 4 айдай болып, ірі қараның етін толықтай сараптамақ. Егер елімізде «Халал хаб» индустриясы жақсы жолға қойылса, Қазақстан әлемдегі 45 мұсылман мемлекетіне жыл сайын 60 мың тонна ет экспорттай алады.