Жаңалықтар 

Түркі тілдес елдердің кеденінде кедергі болмауы тиіс

Түркі тілдес Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан мен Түркия мемлекеттерінің кеден қызметінің басшылары кездесті. Үшінші рет бас қосқан жиында халықаралық сауданың даму сатысы, бәскелестікті арттыру және кеден органдары қызметтерінің тиімділігі бойынша мәселелер сөз болды.

Түрік кеңесінің секретариаты осыдан 5 жыл бұрын құрылған болатын. Содан бері түбі бір түркі жұртының кедендік мәселедегі түрлі қиындықтары осындай басқосулар нәтижесінде шешіліп келеді. Алғашқы кеңес Әзербайжанда өтсе, екінші кеңес көрші қырғыз елінде өрбіді. Бүгінгі үшінші жиында да қаузалар бас тақырып біреу. Ол — кеден саласындағы ынтымақтастықты арттыру.

Абзал Сапарбекұлы, Түрік Кеңесі секретариаты бас директорының орынбасары: «Түркия мемлекеті Еуропаның кедендік одағына мүше болғандықтан, оларда инфраструктура мәселесі шешілген. Ал жаңадан тәуелсіздік алған мемлекеттер —  Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстанда кедендік бақылауды жүзеге асыратын инфраструктура жетпейді. Ол — техникадан, сол жердегі ғимараттан бастап, маманнан бастап.»

Түркілердің кедені

Төрттік ынтымақтастықтың алғашқы нысаны айқын. Ол — кедендік рәсімдеулердің санын азайтып, мейлінше, нәтижелі жұмысқа қол жеткізу. Өйткені, туысқан елдерден жететін тауарлар әр кеденнен өткен сайын уақытты жоғалтып, әуре сарсаңға ғана салатыны рас.

Ремзи Акчин, Түркия Республикасы кеден және сауда министрлігінің жауапты хатшысы: «Біз қазір екі мәселеге көңіл қойып отырмыз. Біріншісі кедендік рәсімдеулердің санын қысқарту болса, екіншісі шекарадан өту жайы. Яғни, сауда қарым-қатынасында оңтайлылық пен жеңілдіктер қос тарапқа да керек деп ойлаймын. Трансшекаралық мемлекеттерге жататындықтан, бұл келісімдердің біздің оң жамбасымыздан келетініне сенімдімін. Сондықтан бұл Ұлы Жібек жолын жандандыратын жобалардың бірі дер едім.»

Жиында Шығыс пен Батыстың алтын көпіріне айналған Қазақ елінің бұл мәселелерде орны ерекше екені айтылды. Төрт тағандық жұмыстың оңтайлы тұстары көп. Кейбір кедендік рәсімдеу мәселелері осы кездесуде оң шешілсе тауар айналымы жөнінен Қазақстан экономикасына біршама табыстар келуі мүмкін.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz