6-8 маусым аралығында Ақтөбе қаласында ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық саябақта «ITFA – 2014.Туризм. Саяхат. Спорт» (International Travel Fair of Aktobe) XI – Өңірлік туристік көрмесі өтті. Аталған шараның ашылуына Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Туризм индустрия комитетінің төрағасы Марат Несіпқалиұлы Иғалиев қатысты.
Көрмеде Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақмола және Оңтүстік Қазақстан облыстарының қолөнер шеберлері өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар, көрме аясында «Шеберлер ауылы» қолданбалы өнер шеберлерінің фестивалі өтіп, онда сувенирлік өнімдер, кәсіпші шеберлердің бұйымдары көрсетілді. Аталған фестиваль аясында «Ең үздік стендті безендіру», «Ең үздік қолөнер шебері», «Ең үздік жергілікті турөнімдер таныстырылымы» номинациялары бойынша қолданбалы өнер шеберлері сайысқа түсті.
Оңтүстік Қазақстан облысы атынан облыстық туризм басқармасының маманы мен Түркістан қаласының қолөнер шебері Тасполат Сүйімбаев қатысты.
«ITFA – 2014» көрмесі жалпы Қазақстанның барлық өңірлерінің туристік имиджін қалыптастыруға және нығайтуға бағытталған дәстүрлі өңірлік іс-шара болып табылады. Шараның соңында «Қазақстан Республикасында туризмнің жағдайы мен даму перспективалары» тақырыбында семинар-мәжіліс өтті. Көрме шеңберінде «Ең таңдаулы қолөнер шебері» номинациясы бойынша Тасполат Сүйімбаев 3-орын иеленіп, марапатталды.
Дәурен Әбдіраманов