Қауіпті канал. Тұрлан шағынауданында орналасқан каналдың басы бар, аяғы жоқ. Жаңбыр суы лық толған уақытта шағынаудан қызыл судың астында қалады. Зардабын тартқан қарапайым халық тағы да дабыл қағуда. Арнамызға шағымданған шағынаудан тұрғындары каналдың суы арнасынан тасыған кезде жаңа мектепке де зиянын тигізіп үлгерді деп отыр.
Тұрғындардың шағымын арқалап, шағынаудандағы осыдан төрт жыл бұрын пайдалануға берілген №55 мектепке арнайы бардық. Расында да жаңбырлы күні канал суы тасып, мектептің ауласын басып қалады екен. Білім ордасының алаңында арық-атыз жүргізілгенімен, соңы жоқ. Су жиналып, қайтадан мектеп ауласына ағады.
Людмила Михаилқызы, №55 мектептің мұғалімі: «Мектептің үш бұрышынан су аққанда жүріп-тұру мүмкін емес. Сол жаңбырдың суы мектеп жанындағы басы бар, аяғы жоқ арықта жиналып, әлі жатыр. Қолаңса исі мұрынды жарады.»
Соңғы жаңбыр суы мектептің ішіне дейін кіріп, залал келтірген. Мұны білім ордасының мұғалімдері растап отыр. Аулаға толған суды былшылдатып басудан басқа амал қалмайды екен. Ал мектеп жертөлесіне су кірді ме деген сауалымызға №55 мектептің шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Марат Бисембаев жоқ деп жауап берді. Есігін ашып, көрсетуден де бас тартты.
Ал Тұрландық тұрғындардың алты жылдан бері бас ауруына айналған каналдың басы бар да, құятын аяғы жоқ. Канал бойына үйлер салынып, жолы жабылған. Сондықтан болар, арнасынан тасыған су көше тұрғындарының үйіне кіріп, шығынға батырады.
Қымбат Көшекбаев, Тұрлан шағынауданының тұрғыны: «Үш көшенің суы ағып, біздің көшеге келеді. Ары қарай каналдың жолы жабық. Үстіне үйлер салынған, бетон құйылған. Біздің бар арманымыз да, мақсатымыз да — осы каналды қалпына келтіру. Жаңбыр жауып, су тасыған кезде күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрыламыз.»
Жергілікті билік бұл каналдың мәселесімен толығымен таныс. Қол қусырып, қарап та отырған жоқпыз дейді. Каналды қала қарамағына өткізу үшін барлық жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді. Егер жұмыстар оң нәтижесін берсе, канал бойындағы заңсыз салынған ғимараттар бұзылып, қайта жөнделеді екен.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=hyDlIKpxlWY[/youtube]
Биліктегілердің берген уәдесінен шаршаған шағынаудан тұрғындары сәрсенбі күні қала әкімінің жеке қабылдауына жазылыпты. Сол жерде каналдың мәселесіне соңғы нүктені қоямыз деген үмітте.