Қай жоғарғы оқу орнына түсу керек? Қай мамандық қоғамда сұранысқа ие? Бұл — бүгінгі жас түлектердің бас қатырып жүрген басты мәселесі. Ал осы кезде 13 мыңнан астам жас Оңтүстік Қазақстан инженерлі -педагогикалық халықтар достығы университетін таңдап, белсенді студенттердің қатарын толықтырған.
Оңтүстік Қазақстан инженерлі педагогикалық халықтар достығы университеті үш бірдей айтулы мерекені тойлады. Оның ең маңыздысы — оқу орнының президенті, негізін қалаушы Әбдімұса Мұратұлы Қуатбековтың туған күні.
Кеш кейіпкері айтулы жетістікке аз уақытта жеткен жоқ. Айтуынша, осы кедергіге толы соқпақ жолдарды артта қалдырып, қиын-қыстау жылдардың ауыртпалығын жеңуіне асыл жары көмектескен. Кез келген шаруаны қолға алар сәтте де аяулы жары жанынан табылыпты. Соның жемісі — беделді оқу орны ғана емес, Әбдімұса Мұратұлы Қуатбековтың Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі атағын иемденуі болды.
Әбдімұса Қуатбеков, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі: «Біздің жоғарғы оқу орнында қазіргі уақытта 13 мыңдай студент білім алып келеді. Оларға бар жағдай жасап, жаңа технологиямен білім беруіміз қажет. Ресейден жаңа бөлім ашып, солармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау да жоспарда бар. Себебі, біздің университет атына сай, халықаралық деңйгейдегі беделді оқу орны болып қалуы тиіс.»
Оқу орнының қуанышты мерекесі бұл ғана емес. Мәскеуге іс-сапармен кеткен арнайы топ қуанышты хабармен келіпті. Оңтүстік Қазақстан инженерлі педагогикалық халықтар достығы университеті енді Мәскеу халықтар достығы университеті және Губкин атындағы мұнай және газ оқу орнымен бірлескен меморандумға қол қойыпты.
Рабиға Қуатбекова, ҚИПХДУ ректоры: «Бұл — деген үлкен жетістік! Баршамыз қуанып жатырмыз. Бұдан да үлкен-үлкен осындай жетістікке жете берейік. Барлығы да студенттеріміздің жақсы білім алуы үшін. Алдағы күндері үздік маман болсын дейміз.»
Айтпақшы, ұстаздар қауымы жоғарғы оқу орындары арасында өткен спартакиадада жеңіс тұғырынан көрініпті. Салауатты өмір салтын ұстанатын оқу орнында күнде түрлі іс-шаралар қолға алынған. Айта кетейік, қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан инженерлі педагогикалық халықтар достығы университеті талапкерлерді оқуға қабылдауды бастап кетті. «Алтын белгі» иегерлері ректордың білім грантына ие болады.