Жас полицейлер ант тапсырды (видео)

532

Менің полициям — менің қорғаным! 23-маусым — Қазақстан полицисының күні. Осыдан 22 жыл бұрын, 1992 жылы мемлекет басшысы Қазақстанның ішкі істер органдары туралы заңына қол қойды. Содан бастап ел полициясының негізі қаланды. Ал негізінен, 23-маусым полиция күні ретінде 2007 жылдан бері арнайы аталып келеді.

Бүгін Абай саябағындағы мәңгілік даңқ мемориалында жас полиция қызметкерлері ант берді. Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының құрамына қосылған жүзге жуық жас тәртіп сақшысы қаруластары мен ата-аналары алдында өз еңбегін адал атқаруға серт берді. Олардың антын басшы құрамы қабылдап алды.

[youtube]www.youtube.com/watch?v=J8_T5k9uuaI[/youtube]

Жас сарбаздар ғана емес, басшылар да бұл салтанатты шараға бірнеше күн дайындалды. Анттың сөзін жаттаудан бөлек алаңда басатын әрбір қадам мұқият әзірленді. Осындай мерекелі күні ешқандай олқылық орын алмауы тиіс. Жас жігіттердің кейбірімен тілдесіп қалғанда ұққанымыз — күн сайын дайындалып, әр қимылды әдетке айналдырғанына қарамастан, дәл бүгін қатты толқыған екен. Ол, әрине, заңды да. Ант қабылдау сәті болашақ қызметінің төл мерекесімен бір күнге дөп келгеніне де қай-қайсысына қосымша жауапкершілік артқаны даусыз. Мұнымен қатар жас тәртіп сақшыларының ант қабылдау сәтін бірнеше ондаған ата-ана тамашалады. Араларында сүйгенін құттықтауға келген бойжеткендер де жүргенін көріп қалдық.

Бұл жас тәртіп сақшыларының көбісі Қазастанның қарулы күштері қатарында Отан алдындағы өз міндетін абыроймен өтеп келгендер. Бұған қоса шымкенттік тәртіп сақшыларының қатарында түрлі арнайы оқу орындарын тәмамдап келген жас қызметкерлер де бар. Бір айта кетерлігі, Шымкент қалалық ішкі істер басқармасында қызмет ету үшін жұмысқа қабылдануға кез келген Қазақстан азаматының құқығы бар. Бұл үшін ашық конкурс жарияланған дейді басқарма бастығының кадр ісі жөніндегі орынбасары Марат Нұртаев. Спортпен шұғылданатын, бойы 175 сантиметрден аласа болмайтын жігіттер өз жас ерекшелігіне орай іріктеуден өтіп, полиция қатарына қабылдана алады. Жалпы, бұл іс-шаралардың барлығы полиция қызметкерлерінің патриоттық сезімін өркендетуге арналған.

[youtube]www.youtube.com/watch?v=FPdGwOAJ_qA[/youtube]

 

Бұдан кейін полиция қауымы Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияға жиналды. Осында құқық қорғаушылар қызмет барысында қапыда қаза тапқан қаруластарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Одан кейін ішкі істер департаментінің басшысы, генерал-майор Асқар Оспанов өз қызметкерлерін құттықтап, ардагерлер мен қызмет бабында мерт болған сарбаздардың отбасыларына бағалы сыйлықтар, жұмыс барысында көзге түскендерге марапаттау тапсырды. Биылғы кәсіби мерекелері тұңғыштары — үшемді дүниеге алып келген Айтуғановтардың отбасы үшін ерекше болып отыр. Бірден үш сәби дүниеге келген отбасына өңір басшылығы мен полиция жетекшілері пәтер кілтін табыстапты. Бұл жолғы мерекеде де жас отбасы назардан тыс қалған жоқ. Ал отағасы өз әрістестерін мерекелерімен құттықтады.

[youtube]www.youtube.com/watch?v=_7xJg_76ET4[/youtube]

Фотограф — Әйгерім Бегімбет