Оңтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкерлері бірнеше ойын мекемесінің жұмысын тоқтатты. Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері «Қарақұрт» арнайы жедел іздестіру іс-шарасын ұйымдастырды. Соның нәтижесінде Сайрам ауданының орталығы — Ақсукент ауылындағы дүкендердің бірінен заңсыз ойын залы табылды.

Бөлменің ішін тінту кезінде полиция қызметкерлері 17 ойын автоматын тапты. 28 жастағы жергілікті тұрғынның қалтасынан 3 кілт пен 12 мың теңге тәркіленіп алынды.

[youtube]www.youtube.com/watch?v=RZE1ncuNCtA[/youtube]

Арада бірнеше күн өткенде тәртіп сақшылары Қарабұлақ ауылынан тағы бір заңсыз ойынхананың жолын кесті. Көңіл көтеретін мекемелердің бірінен 15 ойын автоматы табылған. Сонымен қатар 23 жастағы оператордан 16 ойын автоматының кілті мен 30 мың теңге табылып, тәркіленіп алынды.

[youtube]www.youtube.com/watch?v=VWYE-MGXXew[/youtube]

Қазіргі таңда аталған жайттарға байланысты қылмысты кодекстің 269-1-бабы — «Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Айта кету керек, соңғы 7 айдың ішінде полиция қызметкерлері 7 заңсыз ойын бизнесі ұйымдастырылған жерді анықтап отыр.