Шымкент тағы бір спорт кешенімен толықты

1740

Шымкент қаласы «Қажымұқан» атындағы орталық стадион аумағында кезекті заманауи кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің әкімшілік ғимараты мен оқу-жаттығу спорт кешені ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысып, спортшыларды құттықтады.

Аталған нысанның құрылысы 2013 жылдың наурызында басталып, оған облыс бюджетінен 792 миллион теңге қаржы жұмсалды. Төрт қабаттан тұратын бұл ғимаратта 400 көрерменге арналған зал, волейбол, баскетбол, қол добы сынды спорт түрлеріне арналған ойын алаңдары мен күрес, бокс секциялары заманауи жабдықталған.

10, 25, 50 шаршы метрлік оқ ату галереясы швейцариялық электронды қондырғыларымен қамтылған. Бұл Орта Азия елдерінде теңдесіз тир болып табылады. Жалпы, облыстық кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі олимпиадалық спорт ойындарының 9 түрінен спортшылар дайындайды. Атап айтқанда мұнда спорттың баскетбол, бокс, жеңіл атлетика, велопорт, спорттық гимнастика, оқ ату, қабырғаға оқ ату, садақ ату және таэквондо түрлерінен бөлімдер ашылып, жұмыстар жүргізуде.

Жарты ғасырдан астам тарихы бар осы жоғары спорт шеберлігі мектебі 9 «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шеберін», 108 «Халықаралық дәрежедегі спорт шеберін», 500-ге жуық спорт шеберлерін тәрбиелеген. Мектепте еңбек еткен 41 жаттықтырушы «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы» атағын иеленген.

Миллион тұрғыны бар қалаға қадам басып отырған Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық стадион аумағында ауқымды спорттық нысандар шоғырланып, біркелкі сәулеттік шешіммен дараланған спорт қалашығы қалыптасып келеді. Мұнда садақ ату, орталық су спорты мен жеңіл атлетикалық спорт кешендері және даңқты спортшылар аллеясы орын тепкен.

Стадион маңында гүлзар орналасқан. Осындай ауқымды нысандар қатарында бүгін кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің әкімшілік ғимараты мен оқу-жаттығу спорт кешені ашылды. Енді мұнда республикалық, халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстар ұйымдастырып, оқу-жаттығулар өткізуге толық мүмкіндік бар.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=gKqkLmTKsp0[/youtube]

Бүгін осы спорт кешенінде Астана күніне арналған облыстық спорт мектептері арасындағы спартакиада бастау алды. Осындай қолдаулардың арқасында облыстың спорт саласындағы жетістіктері жыл санап артып келеді. Мәселен, өткен жылы облыс спортшылары Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен біріншіліктерінен 378 – алтын, 351 – күміс, 313 – қола медаль жеңіп алса, Азия чемпионаттарында оңтүстікқазақстандық спортшылар 34 – алтын, 20 – күміс және 23 – қола медальге қол жеткізді.

Ал, Әлем чемпионаттарында облыс спортшылары 9 – алтын, 9 – күміс, 13 – қола медальге ие болды. 2013 жылдың қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы республикадағы ең белсенді спорттық өңір болып анықталды.