Биыл Оңтүстікте Шәмші әндері өз деңгейінде дәріптелуі екіталай. Облыстық «Менің Қазақстаным» ән байқауының іріктеу кезеңінің қазылар алқасы осылай деп отыр. Айтуларынша, әйгілі сазгердің құрметіне арналған сайысқа қатысуға ниет білдіргендер арасында әнді деңгейінде, бабын келтіріп айтқандар жоқтың қасы.
Кейбір қатысушылар ән айтуды бастағаннан-ақ қазылар алқасы сын айтты. Қайсыбірі жақсы дайындық қажет деген қатаң пікір естіді. Ал әншілердің кейбірі мамандардың пікірімен келіспей отыр.
Халипа Кенжетаева, үміткер, (Түркістан қаласы): «Қазылар алқасының пікірімен келіспеймін, барынша дайындықпен келген соң, жақсы айтып шықтым деп ойлаймын. Әрине, қобалжу болды, дегенмен жеңістен үмітім бар.»
«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы». Бәсекелі сайысқа 17-29 жас аралығындағы жас өнерпаздар қатысты. Ереже бойынша үміткерлер Шәмші Қалдаяқовтың және еркін тақырыптағы әнді орындап шығуы тиіс. Дәстүрлі шараға аудан-қалалардан 35 үміткер жолдама алған. Солардың 27-сі ғана іріктеу кезеңінен көрінді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=2MTV9YZOJS0[/youtube]
Осы санаулы қатысушылардың ән орындау сапасына қазылардың көңілі толған жоқ. Айта кетейік, байқаудың төрешілерінің құрамында Қазақстанның мәдениет қайраткері Әбдіхан Нұрмағанбетов, облыстық мәдениет басқармасының мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Ғалия Шарафиева, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығындағы дыбыс жазу студиясының музыка өңдеушісі Тәжібай Баубеков болды.
Ғалия Шарафиева, қазылар алқасының мүшесі: «Ең бастысы, әншінің орындаушылық шеберлігіне, диапазондарына, музыкалық эстетикаға, сахнада өзін еркін ұстауына, жүріс-тұрысына көңіл аударамыз. Ал бүгінгі қатысушылардың негізгі кемшіліктері- бұл әнді дұрыс таңдамауы, ескі оранжировкамен сахнаға шығуы болып отыр.»
Қалай болғанда да осы қатысушылардың ішінен 22 жас «Менің Қазақстаным» облыстық ән додасына жолдама алды. Ақтық сайыс тамыздың 16-жұлдызында, «Шәмші әлемі» гүлзарында өтеді деп жоспарланып отыр. Жңімпазға 300 мың теңге қаржылай сыйқаы тағайындалған.