Шымкент қаласының құрметті азаматы, «Парасат» орденінің иегері, халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Ханбибі Есенқарақызы – 65 жаста. Осыған орай қаламгердің жаңа 2 бірдей кітабы жарық көрді. Мерейтойлық жинақтардың тұсаукесер тойына біз де қатысып қайттық.
Өткен аптаның бейсенбісінде көпшілік өздері «Хан апа» атап кеткен қаламгердің жаңа жинақтарымен танысты. Олар «Диалог» және «Егіз Лебіз» деп аталады. Кітаптардың тұсаукесер тойына ақынның қаламдастары мен үзеңгілес достары шақырылған. Оқырмандар мен жас қаламгерлер де осында.
Айдана Айнабек, оқырман: «Әдебиет сүйер қауым үшін, яғни, біз үшін ақын кітаптарының шығуы — жағымды жаңалық. Мен алғаш рет ақынның «Бақ пен Қыдыр» атты өлеңін оқығанмын. Ол шығарма менің жүрегіме соншалықты әсер еткені — менің әдебиет саласына деген махабатымды оятып, қызығушылығымды тудырды. Бүгін Ханапаның жаңа еңбектерімен таныстық, ақынның қаламы мұқалмасын деп тілеймін!»
Кеш кейіпкерінің айтуынша, «Диалог» атты еңбекте соңғы 5 жыл ішіндегі басылым беттеріне шыққан сұхбаттары мен эсселері және оның ақындық көзқарастары жинақталған. Ал «Егіз лебізде» Ханбибі Есенқарақының поэзиясмен бірге прозалары да жарық көріпті. Және өзге ақындардың арнаулары мен жүрекжарды пікірлері жазылған. Бұл күні қаламгер оқырмандары үшін тағы бір қуанышты хабарды жеткізді.
Ханбибі Есенқарақызы, ақын: «Қуанышты сезімді басымнан өткеріп жүрмін. 65 жасқа құр қол келемін бе, ештеңе жазбай жүрмін ғой деп қорқып едім. Бірақ қазір ол қорқыныш сейілді, себебі, қаламым мені ұятқа қалдырмады. Шындығын айтсам, соңғы кездері Сұлтанбек Қожановтың редакторлығымен шыққан «Ақжолға» ауып кеттім ғой. Мұның 10 томы шықты. Қазір тағы бір құнды дүиенің сұлбасы жасалды, 7 жылдан бері соңынан жүгіріп жүрген ерекше кітабым да жарық көреді. Бірақ биыл емес, келесі жылы деп жоспарлап отырмын».
Тұсаукесер кеште ақын апаның оқырмандары оның жырларын жатқа оқыды. Ақын еңбектерін биікке көтерді. Ал қаламдастары тойға жыр-шашуын арқалай келіпті. Халық ақыны Әселхан Қалыбекова «Ханапаның жыры бөлек, өзі бөлек» мазмұнынындағы арнауын оқып, ақынның поэзиядағы мерейін асырды.