Көзіңізді сақтаңыз!

Көз жарақаты офтальмологиялық аурудың 30 пайызын құрайды. Дәрігерлер көз жарақаты тұрмыстық жəне өнеркəсіптік болып екіге бөлінетінін айтады. Тұрмыстық жарақат үйде абайсызда орын алса, өндірістік жарақат жұмыс орнында қауіпсіздік ережесін сақтамағаннан болады. Статистикаға сүйенсек, жарақаттанушылардың басым көпшілігін балалар құрайды. Олар өзінің немесе өзгенің көзін ойнап жүріп жарақаттайтын көрінеді.

46-009

Көз – адамның ең маңызды, әрі ең нәзік мүшесі. Сондықтан да оны қорғай білу керек. Өкініштісі, балаларға мұны түсіндіру өте қиын болғандықтан, ойын барысында көзін жарақаттап алатын бүлдіршіндер өте көп. Облыстық балалар ауруханасы, балалар офтальмология бөлімшесінің көз-дәрігері Жадыра Оразова (суретте) мұндай жағдайда қол қусырып отырмай, баланы міндетті түрде дәрігер-офтальмологқа көрсетуге кеңес береді. Айтуынша емдік шараларды уақытылы жасамаудың ақыры көздің көру қабілетінің нашарлауына әкеп соқтыруы мүмкін.

ЖАРАҚАТТЫҢ ТҮРЛЕРІ

Дәрігердің айтуынша жарақат:

– Көз алмасының зақымдануы;

– Көз алмасының зақымданбауы;

– Көздің соққы алуы;

– Термиялық күйік шалу;

– Химиялық күю;

– Үсік шалған деп ажыратылады.

Статистикаға жүгінсек, көз жарақаты әртүрлі болғанымен, жарақаттанушылардың 90 пайызына жеңіл жарақаттар мен көз айналасының зақымдануы, 30 пайызына көз ұясының жарақаттануы (көз контузиясы), 8 пайызына көз күйігі, 2 пайызына көз алмасының зақымдануы деген диагноз қойылады екен.

АЛҒАШҚЫ КӨМЕК

Дәрігерлер көз жарақаттанған кезде уақыт созуға болмайтынын айтады. Айтуларынша, тіпті көздің айналасы көгерген жағдайдың өзінде міндетті түрде дәрігерге қаралу керек. Себебі, көз айналасында ұйыған қан бертін келе көздің көру қабілетін нашарлатып қана қоймай, соқырлыққа әкеп соқтыруы мүмкін. Осы ретте маман, көз жарақатын алған балаға жедел жәрдем келгенше уақыт созбай алғашқы көмек көрсету керек екенін тілге тиек етті. Ал көз айналасындағы ұйыған қанды (синяк), көзге түскен бөгде заттарды үй жағдайында емдеуге болады екен.

46-010

ЕМ-ДОМ ШАРАЛАРЫ

Жадыра Балтабайқызының айтуынша, қабаққа түскен бөгде затты сіріңкеге оралған, қайнаған суға малынған мақтамен, беторамал ұшымен немесе дәкемен алып тастауға болады. Ал сілеймелі қабық пен қасаң қабықтағы бөгде затты өз бетінше алуға болмайды.

Маманның сөзіне сүйенсек, химиялық күйік алған көзді 5-10 минөт ағын сумен жуу керек. Одан соң көзді таза дәкемен байлап, ауруханаға барған жөн. Ал егер күйік химиялық зат ұнтағынан немесе ұсақ бөліктерден болса, жумас бұрын оларды құрғақ мақтамен немесе пинцетпен алып тастау керек. Бұл жағдайда қабақты жуу, химиялық заттың еріп, одан әрі күйдіруіне алып келеді.

Қабақ жарақаттанғанда жарақатты жууға, жыртылған жерлерін жұлуға болмайды. Тек жарақатқа жасыл бриллианттың (зеленка) 1 пайыздық ерітіндісін жағу керек. Ал егер қабақ бөлініп қалса оны тастамай дәрігерге әкеліңіз. Себебі, оны өз орнына тігуге болады.

Көз айналасындағы ұйыған қанға мұздай дәке басу керек. Алайда, маман 36 сағаттан кейін көгерген жерге мұздай шүберек басуға болмайтынын ескертеді.

– Ең дұрысы ыстық тұз немесе құм басу керек. Бұл көгергенді басуға және ұйыған қанның тарауына септігін тигізеді, – дейді маман. Айтуынша, көгерген жерге спирт, қырмызы (календула) тұндырмасын жағуға болады.

Айтпақшы, халық медицинасына сүйенсек, тіс пас-тасы да көгергенді кетіруге айтарлықтай көмектеседі екен.

Ескеретін жайт, көз жарақатының кез келген түрі мен дәрежесін алған науқасты офтальмолог дәрігерге алып барған жөн. Маман өз кезегінде баланы рентгенге түсіреді. Инфекцияның алдын-алу үшін емдік шараларын жасайды. Қажет болған жағдайда жарақатты тігіп береді. Баланың ауруханаға жатқызылуын немесе стационарлық жағдайда ем-дом қабылдауын да офтальмолог дәрігер шешеді.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №46, 12.11.2014