«Кез келген адамның бір өкініші бар»

«Алтын дән», «Досмұқасанда» ән салып жүрген кездер қайта келмес шақ болып қалды
Айжан ТӘЖЕНОВА,  ҚР мәдениет қайраткері
Айжан ТӘЖЕНОВА,
ҚР мәдениет қайраткері

 

– Ел сізді бұрынғыдай жиі көре бермейтін болды. Cодан болса керек «осы Айжан Тәженова қазір қайда жүр екен?» деген пікірлерді де естігеніміз бар. Сахнадан жиі көрінбеуіңіздің себебі неде?

– Бұл пікірді өзім де жиі естіп, «расымен де сахнадан алыстап барамын ба?» деген сұрақ қоямын. Бәлкім халық мені өнер ордасы Алматыда жүрмегендіктен жоғалтып алған шығар. Ол жақта концерттер мен телеарналарға жиі шығып тұрасың ғой. Бірақ, өзімді өнердің қазаны қызу қайнаған ортасында жүрмін деп айта аламын. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұжымының шығармашылық жұмыстарына жетекшілік етудемін. «Сүгір» атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрі, «Тұмар» фольклорлық ансамблі, сондай-ақ «Қазына» және «Тұмар» би ансамбльдері, одан бөлек эстрадалық әншілер мен «Виа Алаш» вокалдық тобынан құралған ұжым өте үлкен. Өздеріңіз білесіздер, шығармашылық жұмыс аса жауапкершілікті қажет етеді. Жан-тәніңмен беріле істемесең, нәтижең болмайды. Аллаға шүкір, бүгінгі таңға дейін жиған тәжірибемді ұжымның өнерпаздарымен бөлісіп келемін. Бірақ, жетекшілік етіп келемін деп сахнаға шықпай қойғаным жоқ. Мен де шәкірттеріммен бірге ән орындап жүрмін. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, ұжымдағы жастар тек өнер емес, «Сіздің көргеніңіз көп. Елге сыйлысыз, бақытты жар, анасыз» деп өмір туралы да кеңестерін сұрап жатады. Әрине, жастардың менен тәрбие алып, маған ұқсағысы келгені, олардың тарапынан осындай жоғары бағаға ие болу мені қуантады. Пенде өз білгенін үйрету арқылы үлкен сауапқа кенеледі. Міне, сондықтан да үйретуден ешқашан шаршамаймын.

– Кеңес сұрап келуші жас өнерпаздардың аяқ алысына көңіліңіз тола ма?

– Шыны керек, соңғы кезде сахнаны фонограмма деген құртып жүр. Фонограмма пайда болғаны сол екен, сапасыз дүниелер қаптап кетті. Қолына микрофон ұстаса болды, өзін жұлдыз санайтындар күн санап артып отыр. Қолшоқпарларының «Сен сахнаға шықтың, енді жұлдызсың» дегенін санасына құйып, шалқып шыға келеді. Сенесіз бе, ондайлардың қатарында тіпті өзі айтып тұрған әннің мәтінін білмейтіндер де кездеседі. Міне, осыдан кейін оларға деген сый-құрмет қайдан болсын?! Еңбек етпесең, елге өкпелеме дегенді ұмытпаған абзал.

Фонограмма дегенді өнерге туған үлкен қасірет дер едім. Тек талантсыздар емес, тума дарыны барлар да осы бір фонограмманың салдарынан жалқаулыққа бой алдырып, әрі қарай өсу, өзін-өзі дамыту дегенді ұмыт қалдырып барады. Ал біздің кезімізде тек жанды дауыста ән шырқауға тиіс едің. Тіпті таңға дейін дайындықта болып, күні бойы жанды дауыста ән шырқау міндеттелетін. Міне, сондықтан да ол кезде әншілер саусақпен санарлық болатын. Бірақ бүгінгі жас әншілердің бәрі талантсыз деуге тағы болмайды. Дарынды, еңбектенуге талпынатындары да бар. Оны дәлелдеп жүргендері де жетерлік. Мәселен, жанды дауыста өтетін байқау ұйымдастырылса, оған 80 шақты қатысушы өтініш білдіріп, оншақтысы ғана тапсырманы өз деңгейінде орындайды. Мұның өзі жаман көрсеткіш емес. Алдағы уақытта ондайлардың халық қошеметіне бөленеріне сенемін. Бас-тысы, нағыз таланттыларымыздың аппаратураға еті үйреніп, табиғат берген өнерді жоғалтып алмаса деп қорқамын. Әрине, ол үшін жанды дауыста ән айту керек деген талапты ұмыт қалдырмаған жөн.

– Өзіңіз жетекшілік етіп отырған шығармашылық ұжым бұл талапты қаншалықты ұстанады?

– Басшымыз Әбдіхан Нұрмағамбетовтың басты талабы — әнші кез келген уақытта жанды дауыста ән шырқай алуы тиіс. Ол талапты өзі де орындайды. «Мен үлкен ұжымға басшылық етіп отырмын» деп ешқашан көкірегін қаққан емес, қатардағы әншілер секілді өзі де сахнаға жиі шығып, жанды дауыста ән орындап тұрады. Біздің ұжым мүмкіндігінше фонограмманы қолданбауға тырысады. Бірақ мүлдем қолданбайды деп жалған сөйлегім келмейді. Кей жағдайларда жанды дауыста ән айтуға мүмкіндік болмайды. Яғни, сахнаның аккустикасы нашар болып, фонограмманы қолдануға тура келетін сәттер кездесіп тұрады.

«Алтын дән», «Досмұқасанда» ән салып жүрген кездер қайта келмес шақ болып қалды
«Алтын дән», «Досмұқасанда» ән салып жүрген кездер қайта келмес шақ болып қалды

 

– Дауысыңызды қалай сақтайсыз?

– Алланың берген дауысы, ерекше күтім жасамаймын. Тіпті ән шырқар кезде алдын ала жаттығуды да жасамаймын. Бірақ дауысым бұзылмайды деп өзіме жүрдім-бардым қарамаймын. Денсаулығыма ерекше назар аударамын.

Ауа-райы салқын аймақта туып-өстім. Талдықорғанда өздеріңіз білесіздер Шымкенттегідей емес, күн салқын. Қысы қатты. Бәлкім содан кейін шығар суыққа етім әбден үйренген. Сырт көзге нәзік болып көрінгеніммен, өзімді нәзік жандылар қатарына жатқызбаймын.

– Кезінде «Алтын дәнде» ән айтып жүріп, есімі дүркіреген «Досмұқасанға» кеттіңіз. Елге кеңінен танылдыңыз. Бірақ оңтүстікке келін болып түскен соң жұлдызды өміріңіз тоқырауға ұшырағандай. Шыныңызды айтыңызшы, келін атанған соң «Оңтүстікке келмегенімде Алматыда жүріп талай белестерді бағындырар едім» деген секілді әттеген-айлар болды ма?

– «Алтын дән», «Досмұқасанда» ән салып жүрген кездер қайта келмес шақ болып қалды. Оны бүгінгіммен салыстыруға келмейді. Сол сәттерді қазір еске ала отырып, құдды бір ертегілер әлемінде өмір сүргендей күй кешемін.

Үйдің жетінші перзентімін және анамның ізін жалғастырушымын. Астанада тұратын режиссер бауырым да өнерден құр алақан алақан емес.

Бала күнімде талантымды байқаған анам ризашылығын білдіріп, өнердегі алғашқы ұстазым болды. Ол кісі Талдықорған облысы, Қаратал ауданындағы халық театрында кәсіби деңгейдегі алғашқы жеке әнші болып, Калиман Кәрібайқызы деген есіммен танылған. Ал әкем Рахымғали Тәжі өзге саланың жолын қуғанымды қалап еді. Сондықтан да ауыл шаруашылығы саласына оқуға түстім. Оқып жүріп, елге танылдым. Аталған оқу ордасы өнердегі бағымды ашып, мен үшін үлкен мектеп болды. Институтта оқып жүріп ұстазым, белгілі сазгер Кеңес Дүйсекеевті жолықтырып, сол кісінің тәлімін алдым. Кейін оңтүстікке келін болып түстім.

Мені елге Айжан деп танытқан Алматыма қашан да бүйрегім бұрып тұратын. Ол кезде жаспын ғой, келін болып, ана атанған соң өнерден қол үзіп қалатындай сезінетінмін өзімді. Бірақ, бақытыма қарай келін болып түскен шаңырақ иелері өнерге ерекше құрметпен қарайтын жандар болып шықты. Ата-енем «мына келін өнер үшін жаралған» деп әрдайым түсіністікпен қарайтын. Үйдегі ағаңыз екеуміздің бір-бірімізге деген қарым-қатынасымызды байқаған ол кісілер еншімізді беріп, бөлек шығарды. Тіпті енем «Алматыға барып өнеріңді жалғастыр» деп те батасын берген. Мұндай қадамға кез келген ене бара береді деп айта алмаймын.

– Бүгінде Алматыға бармай қалғаныңызға өкінбейсіз бе?

– Ол кезде жағдай бүгінгідей емес. Балаларды тастап, алдымен өзің барып жайғасып алуың керек. Үйдегі ағаңыз Наурызбай екеуміз балаларды сүйреп, пәтерден-пәтерге қаңғырғымыз келмеді. Бүгінгідей ипотека арқылы үйлі болуға мүмкіндік жоқ-тын. Құшақ жайып қарсы алып, пәтер кілтін сыйлайтын көкеміз де болмады. Бірақ ол жақтан жұмыс бойынша көптеп ұсыныстар түсті. Кейбірі «Айжан, мұнда танылып, коммерциялық бағытта да жұмыс жасауға жағдай бар» дегендер табылды. Бірақ мен барға қанағат еттім. Өмірімді өзгерткім келмеді. Қолдау көрсететін жолдасым, демеу болатын ұл-қызым, батасын беріп отыратын жанашыр ата-енем болды. Бірақ, кез келген адамның өмірінде бір өкініші болатыны анық.

Аллаға шүкір, бүгін ұлды ұяға қондырып, қызым да бой жетті. Немерем де өсіп жатыр. Халықтың сый-құрметі жоғары. Жалпы мен табиғатымнан талапшыл адам емеспін. Өте көңілшекпін, адамның көңіліне қарап тұрамын. Жанына қаяу түсіретін ауыр сөздер айтпауға тырысамын. Өзгелер де маған сондай қарым-қатынаста болса деймін. Өмірге позитивпен қараймын.

– Бүгінде аяқтан тұрып, ел қатарлы өмір сүріп жатырсыздар. Ұл-қыздарыңыз өсті. Өнер ордасына қоныс аударғыңыз келмей ме?

– Жоқ, жас кезімде қоныс аудармаған соң ол жаққа қазір бара алмасым анық. Өйткені Алматы – қарбалас тіршілігі қалыптасқан қала. Үнемі қозғалыс үзілмейді. Жасың келген сайын тыныштықты қалайды екенсің. Оның үстіне оңтүстіктің әдет-ғұрпына, халқына, табиғатына әбден сіңісіп кеттім. Осы өлкенің халқы абыройымды арттырып, қолдау көрсетті. Мен оларды қалайша қиып кетемін?!

– Бір сұхбатыңызда анаңыз туралы жинақты жарыққа шығаруды жоспарлап жүргеніңізді айтып едіңіз. Ол ойыңыз қашан жүзеге асады?

– Қазір бойымда күш-қуатым мен жүзімде әрім бар. Демек, Алла амандық берсе, өнерден жақын арада қол үзе қоймаймын. Ал ертең бойдан қуат кеткен соң бүгінгідей шаруалармен шапқылап жүре алмаймын. Зейнеткерлікке шыққан соң бір күн туғаныңа, енді бір күні туысыңа, келесі күні жекжатыңа барарсың. Бірақ қашанғы ел аралап жүресің?! Әлің де болмайды, үйде көп отырасың. Сол кезде тек қана анам емес, асқар тау әкем мен үйдегі ағаңыз, ол кісінің әке-шешесі туралы естелік дүние жазсам деген жоспарым бар. Ондағы мақсат менің немере-шөберелерім ата-әжесінің, бабаларының қандай жан болғанын, жақсы қасиеттерін оқып, үлгі алса деген ой ғана. Жинақ отбасылық архив боларына сенімдімін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №48, 26.11.2014