Күнгейде «Жеңістің алауы» кеші өтті

762

«Жеңістің алауы». Өңіріміздегі Ш.Қалдаяқов атындағы филармония ұжымы осындай тақырыпта тыңдарманға ән-тартуын жолдады. Бағдарламада жас сарбаздардың өмірі, жауынгер атануы мен майдан алаңындағы ерлігі де көрініс тапқан. Естелік ән-туындыларды көппен бірге біз де тыңдап қайттық.

1941 жылдың сұм соғысы, ерлердің елмен қош айтысуы, майдан алаңындағы есіл өмір… Қалың қауымның бастан өткерген қиын-қыстау кезеңі мен көңіл-сазы залдағы көрерменнің көз алдына келді.

Айжан Тәженова

Айжан Тәженова – Қазақстанның Мәдениет қайраткері. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияға қызметке келгеніне биыл 15 жыл толды. Өнер иесінің әкесі де кезінде соғыс алаңында Отан үшін от кешкен. Ел мен жерді қорғаған. Бүгінде сол жауынгердің перзенті ерлікті насихаттап, «Генералдар вальсі» атты әнді орындады.

Айжан Тәженова, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері: «Сахнада ән салғанда ерекше күйге бөленемін, әкемнің түр-тұлғасын еске алып, асқар тауыма арнап айтамын. «Генералдар вальсі» атты шығарма осыдан 5-6 жыл бұрын ән-қоржыныма енді. Сол сәттен бері, тыңдарманның үлкен сұранысына ие болып келеді, себебі ел аумағында ешбір әншіде осы  тақырыптағы туынды жоқ. Ендігі менің тілегім – ҚР Қарулы күштеріндегі батыл ерлердің бойынан патриоттық сезім мен рух өшпесін! Тиісінше, уақыт өте келе еселеніп, елдің қорғанысы күшейсін!»

Өнер ұжымы соғыс жылдарындағы сырлы шығармаларды көпке ұсыну үшін рухани дайындықты күшейткен. Айтуларынша, әр туындының шығу тарихы мен көксегенін жұмыла зерттепті. Айта өтетін ақпарат, осынау патриоттық сипатта көпке ұсынылған сырлы кешке мәдениет ошағының 100-ден астам өнерпазы жұмылдырылған. Өнер иелелері барлығы 20 әнді орындап, көптің құрметіне бөленді.