Мүгедектерге арналған пандустар қолайсыз болып шықты

1369

Мүгедектер әлеуметтік нысандарға кедергісіз кіруі керек. Олар да өзге адамдар секілді өмір сүруге құқылы. Өздеріне тән қажеттіліктері де бар. Өкінішке орай, қазіргі уақытта мүгедек жандардың қала ішінде емін-еркін жүріп-тұруы мүмкін болмай отыр. Тосқауыл болатын жағдайлар жетіп артылады.

Бір ғана қол арба жүріп өтетін жолдар, яғни пандустар ыңғайсыз жасалған. 10-қарашадан бастау алған республикалық «Мүгедектерге арналған қолжетімді ортаны» қалыптастыру акциясы аясында оларға жасалған жағдайдың жоқ екені анықталды.

Бұл — «Нұрсәт» шағынауданындағы №80 мектеп-лицей. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандус бар. Бірақ, ыңғайсыз. Талапқа да сай емес. Жан-жағы темірмен қоршалған. Сау адамның өзі әрең өтеді.

Ол аздай, арба кіретін есігі тар. Оған есіктің жоқ тұтқасын тағы қосыңыз. Оны оңайлықпен ашу мүмкін емес. Мүгедектер үшін кіре беріс кедергілерінің, табалдырықтың болмағаны дұрыс. Бұл олардың кедергісіз жылжуына мүмкіндік бермейді. Халықаралық талаптар бойынша, ғимаратта табалдырықтың бар болуы мақұлданбайды.

Қала мекемелерінде арнайы пандустар орнатылған. Бірақ, олардың дені талапқа сай келмейді. «Асар» шағынауданындағы №90 мектепті салған құрылысшылар арба жүріп өтетін жолды қарастырған. Бірақ ол тым ыңғайсыз жасалған, биік әрі тар. Мүгедек тұрмақ, сау адамның өзі үшін қауіпті. Әсіресе, қыс мезгілінде пандуспен жүру қиын. Ол ойын баласы үшін сырғанаққа айналған.

Мектепте мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді орта қалыптастыру үшін қаржы да бөлінген. Сөйтіп, әжетханаға кіреберіс есіктері ауыстырылыпты. Тек комиссия барғанда ғана ашылатын есік те талапқа сай емес болып шықты.

Айта өтейік, елімізде мүгедектерге арналған қолжетімді ортаның сақталуы тұрғысынан әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына түгендеу жұмыстары былтыр жүргізілген болатын. Өңірде бейімдеуден өткен нысандарды тексеріп жүрген топтар 50 пайызын тексеріп шыққан. Нәтижесінде кедергілердің көп екенін байқалған.

Алмаз Әбдіқадыров, «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалының партиялық бақылау инспекторы: «Бүгінгі таңда бейімдеуден өткен нысандардың 50 пайызын аралап біттік. Өкінішке орай, кемшіліктер көп. Басым көпшілігінде пандустар талапқа сай емес. Енді бірінде пандус бола тұра, тағы да пандус салынған. Осы кемшіліктердің барлығы партияның кең мәжілісінде талқыланатын болады.»

Мүгедектер үшін білім, денсаулық сақтау және мәдениет саласындағы нысандарға кіру ауадай қажет. Мәдени нысандардың қолжетімділігін тексеріп жатқан ендігі топ «Оңтүстік-циркке» келді. Мұндағы пандус та көзбояушылық сияқты. Оның қоршауы да жоқ. Биіктігі сау адамның өзін шошытады. Ал табалдырықтың биіктігінен қол арба жүре алмайды. Есігі де тар. Ал кассадан билет алу мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тіпті мұң.

Оңтүстікте 106 700 мүмкіндігі шектеулі жан өмір сүреді. Оның 10 пайызы І топтың мүгедегі. Ал Шымкент қаласында мүгедектер арбасына таңылған мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат бар.