Жол апатына кінәлі азамат сотталды

334

Адам өмірін қиған жол апатына кінәлі жүргізуші 6 жыл, 6 айға түрмеге қамалды. Қазығұрт ауданында Алматы-Ташкент-Термез бағытындағы тасжолдың үстінде болған жол апатына кінәлі адамның соты аяқталды. Бұл туралы аудандық соттың баспасөз қызметі хабарлайды.

0012014 жылдың 12-қазаны күні Сарыағаштан Шымкентке бет алған Опель Вектра көлігінің жүргізушісі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Дэу Нексия көлігімен бетпе-бет соғысқан. Соның салдарынан Опельде отырған екі жолаушы оқиға орнында мерт болған.

Ал жарақат алған 10 адам ауруханаға жеткізілді. Олардың ішінен Опельдің екі жолаушысы мен Дэу көлігінің бір жолаушысы ауруханада қайтыс болды.

Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, Қазығұрт аудандық сотына тапсырылған. Сот барысында айыпталушы өзінің кінәсін мойындап, марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрады.

Екі тарапты тыңдаған сот айыпталушыны алты жыл алты айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бұған қоса жүргізуші 3 жылға жүргізуші құқығынан айрылды.