«Қазақ хандығының Ақ Ордасы» – Түркістанда

Қазақ хандығы тақырыбын қозғағанда киелі Түркістан қаласын айтпай кету мүмкін емес. Бір кездері Қазақ хандығының астанасы болған қала, қазіргі таңда халқымыздың рухани астанасына айналып отырған жайы бар. Міне, осынау рухани астанамызға айналған мүбәрак мекенде тарихи-мәдени этнографиялық орталық тамыры терең Түркістанда жарасым тауып тұр.

07-014

Бұл тарихи-мәдени этнографиялық орталық ғасырлар қойнауынан сыр шертетін құнды жәдігерлерге толы. Орталықтың мәні мен мағынасы өте маңызды. Орталықтың негізгі мақсаты, біріншіден ол көне де киелі қаланың тарихи дамуының тың қырларын насихаттайтын жаңа мекеме болса, екіншіден, болашақта Түркістан тарихын оның ішінде ұлттық салт-дәстүр мен қазақтың қолөнерін жан-жақты зерттеп-зерделейтін ғылыми-зерттеу орталығына айналғалы отырғандығында. Жалпы орталық сегіз бөлімнен тұрады. Солардың ішіндегі Қазақ хандығына қатыстысы орталығымыздың екінші қабатында жасақталған «Қазақ хандығы тарихы және Түркістан-қазақ хандығының Ақ Ордасы» деп аталатын экспозиция.

Енді осы экспозицияны қағаз бетінде көпшілік назарына ұсынғалы отырмын. Бұл экспозиция төмендегідей көріністерден тұрады.

Қазақ хандығының құрылуы

Дешті Қыпшақтың, Жетісу мен Түркістанның (Оңтүстік Қазақстанның) қазақ рулары мен тайпаларының этникалық және саяси топтасуының барған сайын күшейе түсуі, қазақ халқы қалыптасуының ұзаққа созылған процесі мен үш жүздің қалыптасу процесінің аяқталуы, Қазақ хандығы түрінде өзінің қазақ мемлекеттілігі пайда болуын туғызған объективті себептер еді.

Хандықтың негізін салушылар Ақ Орда билеушісі Ұрұс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек болды. Олар өз әулетінің саяси билікке деген құқығын қорғай отырып, кейбір қазақ рулары мен тайпалары ақсүйектерінің бір бөлігімен шоғырланып алған халықтың дербес мемлекет құрмақ болған талаптарына батыл тойтарыс берді.

Жәнібек пен Керей бастаған қазақ тайпаларының Орталық және Оңтүстік Қазақстаннан көшуі – Қазақ хандығының құрылуына және қазақ халқының шоғырлануына қолайлы жағдай тудырды.

07-012

Абылай хан

ХVІІІ ғасырдың бірінші ширегі қазақ халқы үшін Жоңғар хандығынан айқын қауіп төніп тұрған жылдар болды.

1723 жылдан бастап әйгілі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама атты» ауыр уақыт басталды. Осы кезде қазақ халқының азаттығы үшін күресін Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Санрық, Есет, Байғозы, Райымбек және т.б. батырлар басқарды. «Қалмақ қырылған» және «Аңырақай» шайқастары қазақ жасақтарының қару-жарағы мен әскери өнерінің даңқын шығарды.

Осы тұста қазақ халқының басын біріктіретін ірі де ұлы тұлға қажет болды. Ондай тұлға қазақ хандығының кіші тармағынан шыққан жас сұлтан Әбілмансұр еді. Ол өзінің жауға қарсы қайтпай шайқасатын, жаужүрек жауынгер екендігін және қолбасшылық қабілеті барлығын ХVІІІ ғасырдың 30-шы жылдарындағы шайқастарда танытқан болатын. Жас сұлтан жауға қарсы шапқанда «Абылай, Абылай» деп ұрандайтын, кейіннен осы ұран оның бүкіл қазақ халқын бір тудың астына біріктірген тарихи есіміне айналып кетті.

« …1771 ж…. үш жүздің барлық атақты кісілері, Үш алаш қазақ жұртының хандары, қалалар мен далалық аймақтар және Түркістан жұртының атақты кісілері мені барлық хандардың ағасы қылып қоюға келісті. Біздің дәстүріміз және алдынғы хандар салған жолмен біздің әулие Әзірет – Қожа Ахмет Ясауи дүние салған Түркістан қаласында, оның бейіті басында Фатиха оқылып мен хан етіп сайландым…» деген сөздері бар тарихи құжаттарда.

«Хан сайлауы» рәсімі

¥азақтың хан сайлау рәсімі көне монғолдық дәстүрден аса көп өзгермеген күйінде ХІХ ғасырға дейін сақталған. А.И.Левшиннің сипаттауы бойынша «Хан сайланатын орын мен уақыт белгіленетін, онда халықтың көптеп жиналуы және әр ру-тайпа басшыларының қатысуымен кішігірім мәжіліс өткізілетін болған. Тақ мұрагері анықталған соң әйгілі билер мен сұлтандар оны ақ киізге отырғызып, «Хан, Хан, Хан» деп үш рет көтерген. Хан көтерілген ақ киіз, сайлауға қатысқандарға «хан талапай» деп аталатын теберік ретінде таратылатын болған.

07-013

Тәуке хан тұсындағы қазақ хандығы

ХVІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХVІІІ ғасырдың басында Қазақ хандығының билеушісі Тәуке болды. Жоңғар шапқыншылығы қаупі таяп тұрған кезде мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Тәуке хан қазақ хандығының жаңа заң жобасын жасауды бастады. «Жеті жарғы» деген атпен белгілі бұл заңда мемлекеттік құрылым мен заң қағидаларының негізгі принциптері анықталған. «Жеті жарғы» бойынша рубасы өкілдері – билердің қызметі белгілі дәрежеде кеңейтілді. Өзінің алдындағы Шығыс ұрпақтарына сенім білдірген билеушілерге қарағанда Тәуке хан ел басқаруда билерге көбірек сенім артты. Оның сенімді тіректері – қазақтың әйгілі билері Төле, Қазыбек және Әйтеке болды.

Әбілхайыр хан

ХVІІІ ғасырдың алғашқы онжылдығында Қазақ хандығының ең белгілі саяси тұлғасы Әбілхайыр хан болды. ХVІІІ ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы жоңғар шапқыншылығына тойтарыстар берудегі Әбілхайырдың аса жоғары ұйымдастырушылық қабілеті, оның әскери қолбасшы және көреген саясаткер екендігін көрсетті. Әбілхайыр өзінің жеке қасиеті арқасында шығу тегіне қарамастан Шыңғыс ұрпағының билеуші тармағына жатпаса да хандық дәрежеге дейін жетті.

07-015

ХІХ-ХХ ғ.ғ. Түркістан тарихы

Абылай хан өлген соң Түркістан қаласы мен аумағы үшін Орта Азия хандықтарының арасында кескілескен күрес басталып, Бұқара,Ташкент билеушілерінің қолына алма-кезек өтіп, 1819 жылы, ал ендігі бір деректе 1816 жылы қаланы Қоқан хандығы басып алып, ұзақ уақыт бойы иеленді. Қоқан хандығы жергілікті халықты нағыз тонаушылыққа ұшыратып, ұлттық езгіде ұстады. Зорлық-зомбылыққа шыдамаған халық бірнеше рет бас көтерді, бірақ оны аяусыз қырып жойды. Қоқан кезеңінде Түркістан қаласының діни орталықтардың бірі ретінде маңызы сақталып, арта түсті. Қала мықты бекініске айналған орталық болды.

Түркістан Қоқан хандығының қол астында:

¥азақ жерінің оңтүстік өлкесі Қоқан хандығының қол астына өтуі қазақ халқының басына үлкен ауыртпалық әкелді. Салықтың ауыртпалығын былай қойғанда, рухани езгінің салмағы бәрінен де асып түсті. Кешегі бір халық болып, енді ірге бөлген қоқандықтар қазақ халқын қорлаудың неше түрлі әдіс-айласын қарастырды. Қоқан билеушілерінің мұндай бассыздығына шыдамай қарсылық көрсеткен Әзірет Сұлтан ұрпақтары қоқандықтар тарапына өлтірілді. Бұл қорлыққа шыдамаған қазақ халқы көп жағдайда орыс өкіметінің отарлық бұғауына өз еркімен мойынсынуға мәжбүр болды. Орыс өкіметінің де мақсаты қазақ халқына жәрдем беру болған жоқ. Керісінше, қазақтардың қоқандықтарға қарсылығын өзінің саяси мүдддесіне пайдалануға асықты.

Түркістан Ресей билігінде:

ХІХ ғ. 60-шы жылдарында Ресей өкіметі Қоқан хандығына қарсы шабуылға шықты. 1864 жылдың мамыр айында полковник Н.А.Веревкин бастаған патша әскері Ақмешіттен шығып, 8 маусымда Түркістанға жетіп, зеңбіректен оқ атып, 3-күндік қоршаудан кейін 1864 жылы 12 маусымда қаланы ақ патша әскерлері басып алды.

Түркістандағы Тарихи-мәдени-этнографиялық орталығының «Қазақ хандығы тарихы және Түркістан-қазақ хандығының Ақ Ордасы» экспозициясының көрінісі қысқаша осындай. Қазақта жақсы бір сөз бар, «Мың рет естігенше, бір рет көр!» – деген. Сондықтан осынау тарихымыздан сыр шертетін орталыққа келіңіздер, көріңіздер! Орталық ұжымы өз көрермендерін жылы қабылдауға әрқашан дайын.

Тұрар АКИМОВ,

ОҚО Тарихи-мәдени-этнографиялық орталық директорының орынбасары

«Оңтүстік Рабат», №7, 18.02.2015