Түркістанда Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қолданысқа енгізілгеніне 5 жыл толуына арналған жиын өтті. Басқосуға сот, прокуратура, полиция және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен қатар, жоғары оқу орнының ғалымдары мен сала мамандары қатысты. Жиында кодекстің азаматтардың құқықтарын қорғаудағы және мемлекеттік басқару жүйесіндегі ашықтықты қалыптастырудағы маңызы кеңінен талқыланды.
Түркістанда өткен маңызды басқосуда Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің бес жылдық нәтижесі сараланды. Жиынға облыс әкімдігі, сот және құқық қорғау органдарының өкілдері, департаменттер мен басқарма қызметкерлері, сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілдері қатысты. Басқосуды ашқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұл кодекстің адам құқықтарын қорғаудағы рөліне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, заңның қабылдануы мемлекеттік басқару жүйесіне тың серпін беріп, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтқан.
Облыс әкімінің сөзінше, бүгінде тұрғындардың өтініштерін қарау сапасы артып, мемлекеттік қызмет көрсету үдерісінде ашықтық пен жауапкершілік күшейген. Нәтижесінде азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімі де арта түскен. Ал Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тілеубердиев соңғы бес жылда кодексті қолдану тәжірибесі қалыптасып, тұрғындарға құқықтық түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілгенін атап өтті.
Сонымен қатар жиында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова құқықтық білім беру мен ғылыми зерттеулерді дамыту мәселелеріне тоқталды. Басқосу соңында әкімшілік әділет саласының дамуына үлес қосқан бірқатар азамат арнайы марапатталды.
Дилара Иса






