Түркістан облысында биыл 35 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты. Өңірдегі барлық білім беру ұйымдарында дәстүрлі «Соңғы қоңырау» салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Биылғы мерекелік іс-шаралар «Заң және тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары» тақырыбында өткізілді. Мерекелік шараларға ата-аналар, ардагер ұстаздар мен қоғам белсенділері қатысып, жас түлектерге ізгі тілектерін арнады.
Сыңғырла соңғы қоңырау. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мерекелік жиынға арнайы қатысып, ұстаздар мен оқушыларды оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтады. Өңір басшысы жас түлектерге үлкен сенім артылып отырғанын айтып, ұстаздардың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі қажырлы еңбегіне алғыс білдірді.
Биыл облыс бойынша 35 294 түлек 11-сыныпты тәмамдады. Оның 2 416-сы «Алтын белгіге» 3 141 оқушы «Үздік аттестаттан» үміткер. Сонымен қатар 31 мыңнан астам оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш берген. Ал, жастар болса, 11 жыл оқыған сныптастары мен білім нәрімен сусындатқан ұстаздарын қимай қоштасып жатыр.
Түркістан облысы соңғы жылдары білім саласындағы жетістіктерімен республика көлемінде көш бастап келеді. Бүгінде өңірдегі 1 106 мектепте 554 мыңнан астам оқушы білім алуда. Бұл – елдегі жалпы оқушылар санының 14 пайыздан астамын құрайды.Бұл жетістіктер – өңірде білім сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі. Қазіргі таңда облыста білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, оқушылардың сапалы білім алуына барлық мүмкіндік жасалып келеді.
Айта кетейік, 2025-2026 оқу жылында Түркістан облысында 20 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Оның 16-сы «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында салынған.
Нұргүл Жолымбетова







