Түркістан жолдарындағы түйткілдер енді арнайы цифрлық бағдарлама арқылы анықталатын болды. Өткен жылдың қараша айында іске қосылған бірегей жоба осы уақытқа дейін жолдағы көптеген ақауларды жоюға мүмкіндік берген. Ақылды жүйенің қалай жұмыс істейтінін тілшіміз тарқатады.
Түркістанда жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардағы кемшіліктерді анықтайтын заманауи бағдарлама іске қосылды. Жоба арнайы автокөліктерге орнатылған камералар арқылы жүзеге асырылуда. Көлік қозғалысы кезінде жүйе жол жабындысындағы ақауларды автоматты түрде тіркеп, деректерді базаға енгізеді.
ЕРБОЛ НҰРҚОЖАЕВ, IT, ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ: «Жалпы бұл жүйе жол жабындысындағы ақауларды, қоқыстарды, жол белгілерін, сынған жиектастар мен өзге де кемшіліктерді анықтайды. Ең басты артықшылығы – барлық мәлімет мониторинг орталығында орталықтандырылған түрде бақыланады. Онда мәселе орын алған нүктелер мен нақты координаттар көрсетіледі».
Қала игілігіне бағытталған осындай тың жобалар мен бағдарламалар Turkistan Hub алаңында әзірленуде. Бір жыл ішінде мұнда 37 іс-шара ұйымдастырылып, оның 19-ы жасанды интеллект тақырыбына арналды.
УМИДЖАН ӘРІПЖАНОВ, “TURKISTAN HUB” АЙМАҚТЫҚ МЕНЕДЖЕРІ: «Біз интернетсіз жұмыс істейтін «TurMet» мобильді қосымшасын әзірледік. Сонымен қатар, балалар немесе әйелдер жоғалған жағдайда көмек көрсетуге арналған арнайы білезіктер де жасалды».
Turkistan Hub ашылғалы бері мұнда 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылған. Оған мектеп оқушылары, студенттер және жас мамандар белсенді қатысуда. Орталықта тұрақты түрде воркшоптар, хакатондар, инкубациялық бағдарламалар мен сала сарапшыларымен кездесулер өткізіледі. Мұндай басқосулар онлайн форматта да ұйымдастырылып келеді.
Нұргүл Жолымбетова






