Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тимур Құлыбаев Оңтүстікке келді

233

Бүгін облыстық кәсіпкерлік палатасы өңірлік кеңесінің мәжілісі өтті. Оған Ұлттық кәсіпкерлік палатасының президиум төрағасы Тимур Құлыбаев қатысты. Мәжілісте индустрияландыру картасына кіретін жобалардың дамуы, қазақстандық тауардың нарықта жылжытылуы және облыс кәсіпкерлерінің күрделі мәселелері талқыланды.

006

Мемлекеттік үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы кезеңі аяқталды. Өңірде өткен бесжылдықта 137 жоба жүзеге асып, 11 мың тұрақты жұмыс орындары ашылған. Индустриалды аймақтарды жүзеге асыру, жобаларды қолдап, кәсіпкерлердің ісін өрге домалатуда Оңтүстік елімізде көш бастап тұр. Мұны Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиум төрағасы Тимур Құлыбаев та мойындайды. Оңтүстіктің тәжірибесі өзгелерге үлгі боларлықтай деді бүгінгі басқосуда.

Тимур Құлыбаев, ҰКП-ның Президиум төрағасы: «Сіздерде бір емес, бірнеше индустриалды аймақ бар. Әрқайсысында ауыз толтырарлықтай жобалар жүзеге асып жатыр. Тек Оңтүстіктің ғана емес, еліміздің экономикасына елеулі үлес қосып отырған бірнеше зауыттар бар. Аудан-қалаларда да индустриалды аймақтар ашылған. Бұл – кәсіпкерлерге ең қажет дүние. Оларды бір жерге шоғырландырып, карта жасап, проблемаларын тізіп қана қоймай, шешу жолдарын тауып отырған өңірдің тәжірбиесімен мақтанамыз. Өзгелерге көрсетеміз. Үлгі алып, кәсіпкерлерін осылай қолдасын дейміз.»

Жиында мемлекеттік бағдарламаның екінші кезеңі бастауы алғаны айтылды. Екінші бесжылдықта атқарылар ауқымды тірліктер түзілді. Ол кезеңде Оңтүсікте 990 млрд. теңгені құрайтын 74 жоба жүзеге асады екен. Ұлттық кәсіпкер палатасының бастауымен жергілікті атқарушы органдар арасында өңірлік карта дайындайтын жұмысшы тобы құрылды.

Карта аясында кәсіпкерлердің тауарын кепілді өткізу мен отандық тауарлар үшін ұзақ мерзімді келісім-шарт түзелмек. Ал одан бұрын кәсіпкерлердің алдынан кесе көлденең шығатын кедергілер жайы сөз болды.

Өмірзақ Мелдеханов, облыстық мәслихаттың депутаты: «Біздегі ең өзекті мәселе – тариф. Соңғы бес жылда ауызсу 400 пайызға, кәріз қалдықтары 86 пайызға қымбаттаған. Оған жарық пен көгілдір отынды қосыңыз. Ал бұл қымбатшылық кәсіпкерлердің қолын байлайды. Олармен санасып жатқан ешкім жоқ. Ал облыс әкімдігінің тарифты ұстап тұруға қауқары жетпейді. Ол жоғары жақта қаралады. Осыны бір жақты шешу керек деп ойлаймын.»

Абылай Мырзахметов, ҰКП-ның басқарма төрағасы: «Ия, рас, бағаға жергілікті жердің шамасы жетпейді. Біз екеуара мынадай келісімге келдік. Сәуір айынан бастап монополистер тікелей желіде әр өңірдің кәсіпкерлерімен кездесіп, тариф мәселесі бойынша ойларын талқыға сала алады.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=ixzWEBoR32M[/youtube]

Тарифтан бөлек теміржол тасымалының шарықтаған құны тауар өндірушілердің тиынына дейін қағып отырған көрінеді. Бүгін Тимур Құлыбаевтың алдында көтерілген тағы бір мәселе осы болды. Соның салдарынан тауардың құны да өсіп, қарапайым халықтың қалтасын қағады дейді.

Егер ел ішіндегі тасымал құны 60 пайызға төмендесе, шетел асып келетін импорттық өнімдермен иық тірестіріп қана қоймай, бағаны тұрақтандыруға да болады дейді Шымкент май зауытының өкілі.

Тимур Құлыбаев, ҰКП-ның Президиум төрағасы: «Дұрыс көтерілген мәселе. Ия, рас, еліміздегі теміржол тасымалының құны қымбат. Бұл алдағы уақытта шешімін табады деп ойлаймын. Бір жақты келісімге келудің жолдарын қарастырамыз.»

Күнгейлік кәсіпкерлерді мазалайтын тағы бір сауал – жер. Яғни, индустриалды аймақтан берілген жер мемлекеттің меншігінде. Ол 1-2 жылға жалға беріледі. Ал оны жекешелендіріп алу құны әр кәсіпкерге 100 млн. теңгеге түседі екен.

Еркін Дәулетов, «TectumEngeneerning» ЖШС директоры: «Мысалы, менің кәсіпорным индустриалды аймақта орналасқан. Біз кәсіпорынды тұрғызуы үшін қомақты қаражат құйдық, құрылғы сатып алдық,жұмыс орнын жасадық. Болашақта сенімді болу үшін орналасқан жер өзіміздің атымызда болғаны жөн. Ал бізге бес гектар жерді 100 млн. теңге бағалап отыр. Есептелген қаржы біз үшін өте қымбат.»

Бұл мәселені де Ұлттық кәсіпкерлер палатасының президиум төрағасы түртіп алды. Тілшілердің көзінше талқыланған мәселер осы болды. Қалғаны жабық есік түрінде өтті.