Ет 4,4 % қымбаттады

Елімізде азық-түлік бағасы шарықтап барады. ҚР статистика агенттігінің таратқан мәліметіне сүйенсек, үстіміздегі жылдың ақпан айында азық-түлік тауарларының бағасы былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,4%-ға, ет және ет өнімдерінің бағасы 4,4% өскен. Осылайша ақпан айында жармалар, ұн, кофе, шай, какао, сүт өнімдері, қант, балық, нан, макарон, алкогольді ішімдіктер, жемістер мен көкөністер, май, құс еті, шұжық, жылқы еті біршама қымбаттаған.

10-007

Айтпақшы…

Бағасы қымбат болса да базардағы еттің барлығын жас және жаңадан сойылған малдыкі деп айта алмаймыз. Сондықтан да етті таңдай білуді үйрену артық болмайды. Сонымен, етті қалай таңдау керек екенін біле жүріңіз!

1. Әрдайым бір сатушыдан сатып алғаныңыз жөн.

2. Еттің түсін айыра білген абзал. Жас сиыр етінің түсі қызыл, бұзау еті – алқызыл, қой еті сиыр етіне ұқсас, бірақ қою әрі қанық болады.

3. Еттің бетіндегі жіңішке ақшыл-алқызыл немесе ақшыл-қызыл қабаттан өзге реңктер мен дақтар болмауы. Онымен қоса артық шырыш бөлінбеуі. Ал етке қол тигізгенде құрғақ болуы керек.

4. Иіскеп көріңіз. Анық жағымсыз иіс, еттің тұрып қалғандығын және сапасыздығын білдіреді.

5 Майына назар аударыңыз. Түсі ақ немесе ақсары болуы керек. Сиыр етінің майы үгітіліп, ал қой еті тығыз болады.

6. Тығыздығына назар аударыңыз. Жас етті саусақпен басып көргенде ол былқылдап тұрады және саусағыңыздан қалған кішкене шұңқыр бірден жазылып кетеді.

«Оңтүстік Рабат», №10, 11.03.2015