Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім құны қымбаттап барады. Бір жыл ішінде оқу ақысы орта есеппен 11 пайызға өсті. Жалпы, бағаның жыл сайын 10-16 пайыз төңірегінде көтерілуі үйреншікті жағдайға айналған.
Қымбатшылық қысқан тұста сарапшылар оқу бағдарламаларының еңбек нарығына қаншалықты сай екенін мәселе етіп көтеруде. Өйткені бүгінгі жұмыс берушілер құр дипломнан көрі, маманның іс-тәжірибесі мен машығына басымдық береді. Еңбек нарығындағы бәсеке де жоғары. Мәселен, бір орынға бірнеше үміткер таласады. Мұндай жағдайда кәсіби біліктілік қағаз жүзіндегі білімнен әлдеқайда маңызды.
Қазақстандықтар үшін жоғары білім алу жыл сайын қиындап барады. Әсіресе, кей өңірлерде баға күрт өскен. Мәселен, Атырау облысында оқу ақысы үштен бірге жуық қымбаттаса, Түркістан облысында өсім 20 пайызды құрады. Ал Маңғыстау облысында, Шымкент пен елордада баға шамамен 15 пайызға көтерілген. Бұл ретте оқу орындарының баға айырмашылығы жер мен көктей. Мәселен, Алматыда бір жылдық білім құны 500 мыңнан басталып, 7 миллион теңгеден асып жығылады. Аймақтардағы баға көлемі 450 мың мен 2,5 миллион теңге аралығында.
ГҮЛНӘР ОМАРОВА, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ: «Сұранысқа ие мамандықтар бойынша компаниялардың арнайы гранттарын көбейту керек деп есептеймін. Сонымен қатар, ақылы бөлімде оқитындар үшін жеңілдіктер қарастырылуы тиіс. Мәселен, банктер білім алуға пайызсыз несие берсе, жастардың оқуға деген мүмкіндігі артар еді».
Қазір тек дипломның болуы табысты жұмысқа кепілдік бермейді. Жұмыс берушілер үшін үміткердің тәжірибесі мен жаңашылдыққа бейімдігі маңыздырақ. Сондықтан көптеген түлектер жұмыс таба алмай қиналады. Бұған нарықтағы жоғары бәсекелестік те себеп. Дегенмен, мамандардың айтуынша, жұмыс берушілер кешегі студентке түсіністікпен қарайды, мәселе көбіне жастардың жауапкершілігіне тіреледі.
АЛМА ЖАНДАУЛЕТОВА, FMI PROFESSIONALS РЕКРУТИНГТІК АГЕНТТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: «Тәжірибесі жоқ, қолында «менеджмент» деген дипломы бар түлектердің бірден 500 мың теңге жалақы сұрайтыны бар. Тағы бір мәселе — жұмыс іздеуге атүсті қарау. Жастар дайындалмайды, ізденбейді, түйіндеме де жібермейді. Тіпті сұхбатқа шақырса келмейтіндер, онлайн кездесу кезінде өзін орынсыз ұстайтындар көп».
Мектеп бітірушілер саны артқан сайын, жоғары білімге деген сұраныс та жоғары. Бірақ қаржыландыру жүйесі өзгеріп, гранттар саны азайып жатыр. Соған қарамастан, ата-аналар қанша қиналса да, баласын оқытуға тырысады. Ал сарапшылар бүгінде арнаулы орта білімнің жұлдызы жанып тұрғанын айтады. Себебі колледж түлектері нақты кәсіби машықтарының арқасында жұмысқа тезірек орналасады.
Ботакөз Әнуар






