Елімізде екінші нарықтағы пәтерлердің бағасы төмендей бастады. Мамыр айында бірнеше қалада баспана құны біршама арзандаған. Әсіресе Ақтауда баға қатты түсті. Астана мен Алматыда да пәтер құны төмендеген. Сондай ақ, Қарағанды, Қызылорда және Шымкентте де арзандау байқалады. Бірақ мамандар үй бағасы әлі де халық үшін қымбат екенін айтады.
Қазақстанда екінші нарықтағы үйлердің бағасы арзандай бастады. Десе де, бұл – уақытша құбылыс дейді сарапшылар. Мамандардың сөзінше, баспана құны әлі айтарлықтай арзандаған жоқ. Көпшілік үйді өткен жылдың соңында сатып алғандықтан қазір нарықта бәсеңдік байқалды. Сала мамандары сұраныс пен бағаның қайта өсуі тамыз айына қарай қайта жанданады деп болжап отыр.
ЛЕВ ТЕТИН, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК ЖӨНІНДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫ: «Өткен жылы шаршы метр бағасы орта есеппен 15,5 пайызға өсті. Биыл да баға сол бағытта өсуі мүмкін деп ойлаймын. Оның басты себебі — нарықта үйдің жеткіліксіз болуы. Қазір байқалып отырған өзгеріс — уақытша, маусымдық жағдай ғана. Ол жалпы нарықтың бағытын толық көрсетпейді. Яғни, алдағы 2–4 жылда, баға қайта өсуі мүмкін».
Мамандардың айтуынша, адамдардың үй алуға ақшасы жетпей барады. Сондықтан нарықта сатып алушылар азайған. Сауда алаңын көбіне ипотека ұстап тұр, бірақ ол жаңа үйлерге ғана беріледі. Сондықтан да жаңа үйлердің бағасы төмендемей тұр.
АЛЕКСАНДР ПАК, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК ЖӨНІНДЕГІ САРАПШЫ: «Баға әлі де өседі, бірақ өсім баяулайды. Жаңа үйлерде баға айына шамамен 1 пайызға дейін өсуі мүмкін. Ал ескі пәтерлердің нарығы қазір тоқтап тұр деуге болады: баға өспейді де, түспейді де. Тек саудаласу арқылы аздап өзгеріп тұрады. Қазір ескі үйлердің бағасы өңірлерде де, ірі қалаларда да өсуге себеп жоқ».
Сондықтан үй сатып алу қазақстандықтар үшін әлі де өте қымбат. Ең қымбат қала — Алматы, мұнда бір шаршы метр шамамен 800 мың теңге. Астанада — 600 мыңға жуық, ал Шымкентте сәл арзанырақ. Соңғы бір жылда Астанада баға 13,5 пайыздан астам өссе, Алматыда шамамен 6 пайызға қымбаттаған.
Лаура Бабас






