Шымкентте сәуір айы басталысымен базар сөрелерінде құлпынай көбейе бастады. Дегенмен, оның бағасы тұрғындар үшін әзірге қолжетімді деуге келмейді. Қазіргі таңда жергілікті құлпынайдың келісі шамамен 2500 теңгеден сатылып жатыр. Ал сырттан, нақтырақ айтқанда көршілес Өзбекстаннан және өзге де өңірден жеткізілген өнімнің бағасы қанша болып жатыр?
Құлпынайдың маусымы басталды. Дегенмен сатушылар алғашқы өнімнің бағасы әдеттегіден жоғары екенін айтады. Әсіресе, шетелден әкелінген құлпынайдың жол шығыны мен сақтау талаптары оның құнын арттырып отыр. Соған қарамастан, сапасы мен сыртқы келбеті тартымды болғандықтан, мұндай өнімге де сұраныс бар. Айта кету керек бұған дейін Сарыағаш ауданынан келген құлпынайлар базар сөресінен түскен емес.
ГҮЛӘПИЯ ТӨРТБАЕВА, САТУШЫ: «Екі күннен бері, бүгін жергілікті басталып жатыр. Алдын Сарыағаш қысымен келді. Қазір жердікі табиғи шығып жатыр. Өзіміздікі 2500 теңгеден. Ташкенттікі 4500-6000 мың теңгеден. Сортына қарайды. Мынау албион, корейлік сұрып дейді. Бұл мынаған қарағанда тәтті болады. Біреулер жеуге алады».
Алайда, тәтті жидектің бағасы қымбат болғандықтан ба, сатып алушылардың саны көп емес. Көпшілік қазірше сүйкімді жемістің арзандауын күтіп, сатып алуды кейінге қалдырған сыңайлы. Бірақ, мерекелік дастархан үшін алушылар бағаға қарамай, өнімді сатып алатынын айтады.
«Құлпынай қысы-жазы ғой. Сонда да қымбат қой. Соны 800-900, 600-500 -ге сатса, алуға болады. Адамдардың ақшасына, пенсиясына тура келеді. Анда-санда алып жеуге».
«Балаларымызға, немерелерімізге аламыз ғой. Бірақ мынандай мынадай құлпынай болады ма? Дәріленген ғой. Осы жақтыкі келеді. Қарабұлақтан. Олар нағыз. 4 данасы бір келі шығады».
Сатушылардың пікірінше, алдағы уақытта жергілікті өнім көлемі артады. Сол кезде, баға біртіндеп төмендеуі мүмкін дейді. Сондықтан тұрғындар жақын арада құлпынайды қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік алады деген болжам бар. Айта кету керек біраз күннен соң, қара ханзада құлпынайы шығады. Олардың бағасы да атына сай болады дейді сатушылар.
Нұргүл Жолымбетова






