Шымкенттік жүргізушілерге қатысты профилактикалық рейд басталды. Мұны естіген азаматтар көлікке қажетті құралдарды түгендеп әлекке түсіп жатыр. Орайлы тұста кәсіпкерлер де қарап қалмаған сыңайлы. Бірер күнде бағаны күрт көтеріп, пайда табу жолын қарастырды. Нарықтағы өсім кей тауарларда бірнеше есеге дейін артқан.
Әсіресе, дәрі қобдишасы, өрт сөндіру құралы мен апаттық белгі бағасының шарықтауы көпшіліктің наразылығын тудырды. Алайда, соған қарамастан, дүкен жағалаған халықтың қарасы қалың. Бұл нарық заңдылығы ма, әлде қолдан жасалған қымбаттату ма?
Көлік жүргізушілері үшін міндетті саналатын құралдардың бағасы соңғы уақытта айтарлықтай өскен. Бұған дейін небәрі мың теңге тұрған дәрі қобдишасы бүгінде үш мың теңгеге дейін қымбаттаған. Дәл осындай жағдай басқа да қажетті құралдарға қатысты байқалып отыр.
Мұндай баға халықтың қалтасын қағып отырғаны рас. Бірақ, кейбір жүргізушілер қажетті заттарды арзан бағада алдын-ала алып қойған. Бірақ, кейбірінің сақтау мерзімі өтіп кетуіне байланысты ауыстыруға мәжбүрміз деп отыр. Ал, Нұртаза Тойшиев кеудеше алуға арнайы келген. Өйткені, өзге де тиісті құрал-жабдықтарым түгел дейді.
НҰРТАЗА ТОЙШИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Бұрын заттарым түгел еді. Әлеуметтік желіден қарап, жилет керек екенін аңғардым. Соны алуға келдім. Бағасын айта алмаймын енді. Қазір мынаны мың теңгеге алдым. Ал өзгелерде 2 мың, 2,5 мың. Кейбір жерде 3 мың теңге».
Ал, кәсіпкерлер бағаның өскенін жасырмайды. Сұраныс артқан сайын, бізге тауарларда қымбат келіп жатыр дейді.
ДИЯР ЕРКІНҰЛЫ, САТУШЫ: «Себеп, қазір қаламызда болып жатқан рейдке байланысты. Түрлі қаладан рейд келді. Соған байланысты бағада қымбаттады. Келу бағасы да қымбат. Мысалы мың теңгеден алатындарымыз 1800 теңгеден келіп жатыр. Үстіне қосып 2000 нан сатып жатырмыз. Алғашында поток келді. Бір айға деген товар бір күнде сатылды».
Бұл енді көзбояу ма? Әлде расында қолыңнан келсе қонышынан бас дегені ме? Түсіне алмадық. Айта кетейік, 19 сәуірден бастап қалада жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерін бұзуды болдырмау және жолдағы тәртіпті арттыруға бағытталған кешенді профилактикалық іс- шарасы өтіп жатыр. Тіпті, Шымкентте Қызылорда, Қарағанды, Жамбыл облысынан жол патрульдік полиция қызметкерлері келіп рейд жүргізуде.
Олар, «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикасының алғашқы күнінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 1500 -ден астам дерегін анықтаған. Оның ішінде 100- ге жуық көлік айыптұраққа қойылған.
Нұргүл Жолымбетова






