Жақында футзалдан ардагерлер арасындағы ҚР ХІХ чемпионаты өтті. Бұған дейін тек Алматы қаласында өткізіліп келген чемпионат бұл жолы кеншілер шаһарында жалауын көтерді. Дәстүрлі түрде өтіп жүрген жарысқа биыл еліміздің түкпір-түкпірінен 12 команда қатысты.
Командалар сапында Қызылорданың «Қайсар», Теміртаудың «Болат», Қарағандының «Тұлпар», «Қарағанды» секілді атағы алысқа жеткен командалар да бар. Аталған сынға тұңғыш рет Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған «Созақ» командасы да қатысты. Бұл команда сапында өндіріс орындарында жұмыс істейтін қызметкерлер, жасөспірімдер мен футбол мектебінің ардагер жаттықтырушылары ойнады.
Турнир барысында созақтықтар өз тобында азулы қарсылас болып саналатын, былтырғы жылдың күміс жүлдегері «Ақтау» командасын 5:0 есебімен жеңіп, екінші кездесуінде турнирдегі мықты команданың бірі «Болат Теміртау» командасымен 0:0 есебімен тең түсті. Топтық ойындағы соңғы кездесуінде Жамбыл облысының «Тараз» командасын 4:2 есебімен ұтып, жартылай финалға шықты.
Бәрінен де жартылай финалдық кездесуге тоқталмай кетуге болмас. Кезінде футзалдан еліміздің ұлттық құрамасының бас бапкері болған Әміржан Мұқанов, оның көмекшісі – Владимир Кровченко секілді саңлақтар бар «Тұлпар» командасымен өткен ойын тартыс-ты өтті. Кездесу негізгі уақытта 2:2 есебімен аяқталған болатын. Ойын пенальти сериясына дейін жалғасып, созақтықтардың мерейі үстем болды.
Ақтық сында «Созақ» қарағандылықтармен кездесті. Кезінде «Шахтер» сынды кәсіпқой футбол командасында доп тепкен Асқар Әбілдаев, футзалдан ұлттық құраманың мүшесі болған Марат Мақышев секілді мықтылары бар командамен кездесу оңай болған жоқ. Ойын 2-2 есебімен аяқталды. Бірақ, екінші таймда қарағандылықтар ойын тізгінін өз қолдарына алды. Нәтижесінде 5:3 есебімен Қарағанды командасы жеңімпаз атанды. «Созақ» командасының еншісінде – күміс жүлде.
«Созақ» командасының капитаны Бақтыбай Сәрсенбаев: «Біз ел чемпионатына алғаш рет қатысып отырмыз. Қарсылас команданың бәрінің деңгейі мықты. Нағыз футзалдың шеберлері. Алғаш қатысып отырғанымызға қарамастан жүлделі орыннан көріндік. Бұл біз үшін үлкен жетістік», – дейді.
Ерлан Райымқұлов
«Оңтүстік Рабат», №12, 25.03.2015