Демалыс күндері ауа райы күрт өзгеріп, нөсерлетіп жауған жаңбыр біраз жерлесімізді әбігерге салды. Шымкент қаласы әкімдігінің диспетчерлік бөліміне жарықсыз қалдық деп 104 тұрғын қоңырау шалған. Шаһардағы 13 шағынауданда электр жарығы өшкен.
Солтүстік-батыс аумағында электр желілеріне найзағай түсіп, істен шыққан. Сала мамандары бүгін барлық ақауды ретке келтіреміз деп уәделерін беріп отыр. Нөсерлі жауынның салдарынан Қошқар ата өзені арнасынан тасып, «Самал 3» шағынауданындағы бірнеше үйдің ауласына су кірген.
Нөсер жауында тасыған су 3 жерасты өткелін басса, 31 көше мен 2 көпқабатты үйдің жертөлесіне, 89 жеке үйдің ауласына кірді. Ғимараттар қирағаны жоқ. Биліктегілер бұл табиғаттың құбылысы төтенше жағдайға жатпайды дейді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=SxAZKeH81HU[/youtube]
Сол себептен азаматтарға өтемақы төленбейді. Ал Қошқар ата өзені арнасының бұзылуына да сол тұрғындардың өздері кінәлі дейді мамандар. Олар өзенді ластап, судың өтуін тежеген. Енді биыл осы каналдың жағалауын жүйелеу жұмыстары қарастырылатын болады.
Нұрлан Жаңабай