Шымкентте күн ысығалы жылан көбейген. Соңғы екі айда 130-дан астам жылан ұсталған. Мамандар олардың үйлерге, аулаларға қалай кіріп жатқанын айтып, тұрғындарға сақ болуға кеңес береді. Жылан аулаудың ерекшеліктері неде? Қауіпсіздік ережелері қандай?
Шымкентте күн ысығалы жылан көбейді. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, соңғы екі айда 130-дан аса жылан ұсталған. Көбіне шақырту жеке тұрғын үйлерден түскен.
Мамандар жыланның жүрмейтін жері жоқ дейді. Айтуларынша, саябақтарда өмір сүргенімен, тіпті көпқабатты пәтерлерге ағаш бұталарынан қылтима арқылы өтіп, кіріп кеткен жағдайлар да кездескен. Құтқарушылар оны арнайы құралдардың көмегімен ұстап, қала сыртына шығарып тастайды
ЕРБОЛ ОСПАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Жыланның бәрі қауіпті болып есептеледі. Өйткені тұрғындар қайсысы улы, қайсысы уы жоқ екенін білмейді. Үйлерден ғой. Жер үйлерден, жертөлелерден, табалдырықтан, тамның ішіне кіріп кетіп жатыр. Аулаларда шөптердің ішіне кіріп кетіп жатыр».
Жылан үйге кіргенде не оны аула, далада көргенде не істеу керек? Төтеншеліктер мұндайда бірден құтқарушыларды шақыруға кеңес береді. Тұрғындарға сабырлы болуға, тек бақылап, оны өз бетінше ұстамауды сұрайды.
ЕРБОЛ ОСПАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Түрін айтқанда көбінесе полуз деген жыланның түрі көп. Арасында май жыландар болады. Бірақ оған сирек шығамыз. Көбіне полузға шығамыз. Жыланның көп жүретін жері мысалы тышқаны бар үйлерге, шымшықтар балапандайтын жерлерде көп жүреді. Өйткені жыланның солармен қоректенеді. Сондай жерлерде көп болады».
Айта кетейік, жаланды аулау сәуір айынан басталып, қазан айына дейін жалғасады. Осы аралықта өткен жылы қалада 200-ге жуық шақырту түсіп, 116 жылан ұсталған. Салыстырмалы түрде алғанда, биыл ұсталған жыландар көбейген. Қазірге тұрғындарды жылан шағу дерегі тіркелмеген.
Дилара Иса






