Оңтүстік Қазақстанда Ораза айты мерекесіне орай үш діни әдебиет пен бірнеше әдістемелік құралдың таныстырылымы өтті. Аталған оқу құралдарын «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен жиынға облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасына қарасты әлеуметтік бастамалар орталығының директоры Нұржан Тұрсынбай алып келді.
Орталықтың мұрындық болуымен жарық көрген «Ислам мәдениеті мен салт-дәстүрдің сабақтастығы» атты еңбекте ислам мәдениеті мен оның ерекшеліктері, Пайғамбардың (оған Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын) сүннеті, қазіргі ғасырдың ислам мәдениетіне тосқауылдары тақырыптары қозғалып, кеңінен түсінік берілген.
Ал «Менің таңдауым – Ханафи мазһабы» кітабында ислам дінінің Ханафи мазһабын ұстанатын халқымыздың рухани өмірі, мәдениеті, салт-дәстүрі айтылған. Сондай-ақ бұл кітапта Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабының артықшылықтары мен ерекшеліктері жан-жақты қарастырылған.
Орталық шығарып отырған тағы бір жаңа кітап «Елімізде тыйым салынған және дәстүрлі емес діни ағымдар» деп аталады. Мұнда кереғар діни ағымдардың пайда болу себептері діни, саяси, әлеуметтік тұрғыдан талқыланып, Қазақстандағы секта, кереғар діни ағымдардың орын алуы, олардың мемлекет қауіпсіздігін, қоғам тыныштығын бұзуы әрекеттерінің көріністері мен әдіс-тәсілдерінің ерекшеліктері дінтанушылық тұрғыдан жан-жақты қарастырылған.
Сондай-ақ «Әлеуметтік бастамалар орталығы» жалпы адамзаттық құндылықтар жөнінде Құран сүрелерінен үзінділер мен қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, тарихи тұлғалардың ой-пікірлері жазылған тақырыптық плакаттар басып шығаруды қолға алған.
— Орталыққа жүктелген негізгі міндет діннің шынайы қағиадаттарын халық арасында түсіндіру, дін атын жамылған теріспиғылды ұйымдардың әрекетінен сақтау, адамзат баласына ортақ рухани дүниетаным қалыптастыру болып табылады. Орталықтың бастамасымен жарық көріп отырған осы әдебиеттер мен әдістемелік құралдар қоғамның діни сауаттылығын көтеруге бағытталып, облыс кітапханалары мен мешіттеріне, оқу орындарына тегін тарататын болады. Біз алдағы уақытта да мұндай тақырыптағы әдебиеттерді тұрақты жарляилауды жоспарлап отырмыз,- деді Нұржан Арыстанбекұлы.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі