«Журналист – айыптаушы орган емес»

Айгүл Қапбарова,  ҚР Журналистер одағы  ОҚО филиалының төрайымы
Айгүл Қапбарова,
ҚР Журналистер одағы
ОҚО филиалының төрайымы

– Айгүл Жарылқасынқызы, сұхбатымызды күні кеше өткен төл мерекемізбен құттықтаудан бастасақ. Мереке құтты болсын, жазар таусылмасын! Журналис-тика атты кеменің ескегін есіп келе жатқаныңызға аз уақыт өткен жоқ. Қатарға қосылып жатқан тілшілер қауымының талабы қандай? Білім деңгейіне көңіліңіз тола ма?

– Рахмет, сіздерді, барша журналист әріптестерімді кәсіби мерекемен мен де құттықтаймын. Сұраққа келер болсам, жастардың арасында талаптылары, өзіндік стилі, жазған кезде логикаға берілетін, тіл байлығы мен сөзінің сөлі барлары аз емес. Әрине, біз үшін бұл қуанышты жайт. Ертең журналистика атты кемені басқаратын кәсіби мамандарға сенеміз.

Олардың қатарына Әйгерім Бегімбетті, Сәбит Тастанбекті, Ардақ Жақсылықованы, Әсел Ережепованы, Ғабит Сапарбеков пен Нұршат Төкенді қосуға болады. «Южный Казахстан» басылымындағы Салтанат Әбдіжаппарова да әсерлі жазатын журналистердің бірі. Айта берсем, біздің өңірде жас та болса өзіндік орнын қалыптастырып үлгерген кәсіби мамандар баршылық. Әрине, бәрі керемет деуге тағы болмайды. Әлі де болса журналистердің сөздік қорының жұтаңдығы байқалады. Ол үшін, ауыз әдебиеті немесе классикалық шығармалармен жиі сусындап тұруы тиіс.

Өйткені біздің мамандық күнделікті ізденісті қажет етеді. Оқиғаны баяндау, ақпаратты жеткізу тәсіліне келгенде бәлкім біздің журна- листер батыс журналистикасына еліктейтін шығар. Мәселен қазақ журналистикасы көркем сөзге жақындау. Қазақ халқының ақпарат жеткізуде өзіндік ерекшелігі бар. Біз сөз қадірін білетін, сөзге тоқтайтын халықпыз. Журналистердің осы факторға мән беруі керек. Батыстың зиялы қоғамы, біз журналистердің арқасында шұрайлы тіліміздің құнарын жоғалттық деп өкінеді. Олар сөздің нәрінен айырылды. Ал біздің қазақ журналистикасы менталитетімізге сай қалыптасқан. Сондықтан да бір ерекшелігіміз – көркем сөзде.

Бірақ журналистика әдебиет емес екенін де ескеруіміз керек. Құрғақ сөз біздің оқырман үшін қызықсыз. Тіл байлығыңды дәлелдемесең, оқырман мен көрермен жүрегіне жеткізе алмайсың. Батыс журналистикасынан тек шапшаңдық пен дерекпен сөйлеуді үйрену керек. Олар оқиғаны жеткізуші ғана, әрі қарай оған өзіндік пікір қоспайды. Ақыл айтпайды.

– Сауаттылық туралы айтып қалдыңыз. Тағы нендей жайт сізді толғандырады?

– Бізде салалық журналистика артта қалып барады. Соның салдарынан әмбебап болуға құлшынып жатырмыз. Ол да заман талабы шығар. Бірақ, ол саладан бейхабар журналистің жазғанынан оқырман нені түйсін?! Қазіргі таңда қаржылық, медициналық, құқықтық сауаттылық жөнінде халықты ақпаратпен қамту жағы кемшін. Банк саясаты қазір өмірімізге дендеп енді. Ал, бұл тақырып БАҚ саласына енбей жатыр.

Мәселен, екінші деңгейлік банк-терде неліктен несие беру шаралары тоқтатылғаны, несиесін төлей алмай жүргендерге нендей жеңілдіктер бар? Осы қос сұраққа жауап алсаң, қарапайым халыққа пайдасы тиеріне сенімдімін. Бұл басылымның сатылымына да оң әсерін тигізеді. Тағы бір атап өтерлігі, бізде кей журналистер ақпараттың шынайылығына мән бере бермейді. Бұл ғаламторға қатысты. Мойындау керек, соңғы кездері бізде әлеуметтік желілер ақпарат алуда, тақырып табуда көмекші құралға айналды. Бірақ ғаламторда былай депті деп оқырманнан сүйінші сұрап, әлгі ақпаратты көшіріп басуға тағы болмайды. Зерттеу керек, шындыққа көз жеткізген абзал.

Себебі газеттің аты – газет. Халық әлеуметтік желідегі ақпараттан гөрі басылымда жария етілген мақалаға сенеді. Сол сенімді жоғалтып алмау үшін кәсібилік қажет. Сондай-ақ бізде журналистер адами факторды естен шығарып жатады. Мысалға алсақ, «биыл облыстық бюджеттен осыншама қаржы бөлініп, оған жолдар жөнделетін болды». Бұл жол жөндеу жұмыстарына қазынадан қаржы бөлінгені туралы ақпарат. Бірақ, қарапайым халықты бөлінген қаржы көлемі қызықтырмайды.

Сол себептен адами факторды негізге ала отырып, «Мына көшенің тұрғыны пәленше деген қарияның немесе сол отбасының инфрақұрылымдық қиындықтары шешілді. Себебі енді ол бұрынғыдай батпақ жолмен жүрмейтін болды. Көшеге асфальт жол төселді» деп ақпаратты тарататын болсаң, халықты елең еткізері сөзсіз. Ал сюжетіңнің не мақалаңның соңына жол жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы туралы қосып кетуге болады. Яғни, елдің игі жаңалықтары өз есігінің алдында болып жатпаса, адам оны сезінбейді. Айта берсем, көкейді мазалаған жайттар көп. Соның ішінде соңғы кезде телеарналар мен басылымдардың ойын-сауықтық бағытқа ден қойып бара жатқаны алаңдатады.

– Бәлкім бұл саясаттан шаршаған халықтың көңілін аулаудың төте жолы шығар?

– Ойын-сауық бағдарламалары қарбалас тіршіліктен бой сергіту үшін қажет шығар. Бірақ, соның нәтижесінде өмірге жеңіл-желпі көзқарастағы ұрпақтың өсіп шығуына себеп болмай ма дейсің?!. Дегенмен дәл қазір халық үшін күліп-ойнап жүретін кезең емес қой. Бізге еңбек етіп, ақша табу керек. Еңбек адамы ұғымын қалыптастыруымыз керек. Мегаполисте қалай өмір сүру керек? Ақшаны үнемдеудің жолдары, пәтер бағасы қанша? Міне, халықты осы мәселелер қызықтырады. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарының тигізер көмегі мол.

«Сұраныс сондай» деп арзан дүниелерді ұсына берсек, ұлттық құндылықтардан жұрдай болатын түріміз бар. Әріптестеріме осыны ескерткім келеді. Ерекше атап өтерлігі, басқа өңірлерді қайдам, дәл біздің облыс-та бәсекелестік басым. Бұл БАҚ санының көптігінен болса керек.

– Өзімізді төртінші билік өкіліміз деп мақтан тұтамыз. Кейде ақпаратқа қолжетімділік қиынға соғып жүр. Шыныңызды айтыңызшы, бұл соттан кейінгі биліктің әлсіреуі емес пе?

– Сенесіз бе, бұл сұрақ мені де жиі мазалайды. Себебі бізде кей мекемелерде күзетшіден бастап тіпті хатшыға дейін журналистке қоқан-лоққы жасайтындар бар. Бұның өзі ақпарат алудағы кедергілер болып табылады. Басқарма, бөлім басшыларының басын қосып, журналистердің шенеуніктермен ашық әңгімелесуін ұйымдастыру жоспарда бар. Онда «сіздің бюджетіңіз қанша?» деген сұрақ емес, бір-біріміздің қарым-қатынасымызды орнату басты мақсат болмақ.

Негізі журналистпен дос бола білген дұрыс. Бұл алдымен өзіңе де, халыққа да тиімді. Ал егер сұхбат беруден жалтаратын болса, журналист оның жауабын күтпей-ақ, ақпаратты біржақты етіп таратып жіберуге кейде мәжбүр болады. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Кеңестік кезеңде газетке теріс имиджді мақала шықса, жұмыстан қуылатын еді. Қазір жағдай басқаша.

Кемшілікті түзетуге мүмкіндік беріледі. Сыни мақалаға көңіл бөлініп, тиісті шара көрілсе мұның өзі тілші еңбегінің жемісі. Тағы бір айта кетерлік жайт, қылмыстық оқиға орын алды ма, күдікті туралы ақпарат таратқанда оның ұлтын жария етудің қажеті қанша?! Өйткені қылмыскердің ұлты болмайды. Ол өз ұлтының атынан барып қылмыс жасамайды ғой. Сол себептен ұлтаралық наразылық туындамас үшін осы жайтты назарға алған дұрыс.

Журналистердің арқалағаны алтын болғанымен, жегені жантақ дегенмен толықтай келісемін. Жыл он екі ай ел мен билік арасындағы көпір болып, елдің мұңын шағып жүрген журналистер өз қамын ұмыт қалдырып жатады. Баспанасыз жүрген халықтың жан-айқайын билікке жеткізіп, олардың пәтерлі болуына септігін тигізеді. Алайда өздері пәтерден пәтерге көшіп қонуда.

Журналистердің әлеуметтік жағдайы қандай? Тұрмысы жақсы ма? Бұл сұрақ көбін мазалай қоймайды. Тілшілерді «отқа түссе жанбайтын, суға түссе батпайтындай» көреді. Біз «төртінші билік» деген статусты жанама ретінде айтамыз. Шын мәнінде, біздің әлеуметтік статусымыз жоқ. Жақында ғана жалға алу арқылы бас-паналы болу бағдарламасына біздің сала қызметкерлері еніпті. Оның өзі кәдімгідей демеу болды.

– Осы ретте қызықтырып отырған сұрақ: меншігіңізде не бар?

– Меншігімде пәтерім бар.

– Кәсіби принциптеріңіз қандай?

– Осы саланы таңдадың ба, демек оның барлық тауқыметін, жауапкершілігін сезіну керексің. Адамзат ішіндегі ең жүрдек жандар – журналис-тер. Журналистердің бармайтын жері, шықпайтын шыңы жоқ. Журналистер – көреген халық. «Аспандағы бүркіт жердегі жорғалаған құмырсқаны көрсе, журналистер жұрт жүрегінің лүпілін сезеді де, жарыққа шығарып, жария етеді», – ұзақ уақыт баспасөз саласында еңбек еткен Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың журналистерге қатысты айтқан осы сөздері біздерге берілген шынайы анықтама секілді.

Журналистер қозғамаған тақырып, көтермеген мәселе жоқ. Қай салада, қай өңірге қатысты болсын елдік, ұлттық, қоғамдық мәселелерден бастап, өмірдегі сан алуан түйткілдерге дейін қамтуда. Бүгінгі қоғамның шынайы тыныс-тіршілігіне байланысты оқырман немесе көрермен-тыңдарман сұранысын әрдайым ескеретін, оны қалайда орындауға барын салатын да өз ісіне берілген журналистер. Журналистика – синтездік жанр. Жан-жақтылықты талап етеді. Бастысы, өз кәсібіңе адал болғаның абзал. Бұл салада атың былғанса, бүкіл салаға кір келтірдің деген сөз. «Журналист – айыптаушы орган емес. Осыны естен шығармаған жөн.

– Өкінішке орай журналистер арасында белгілі бір топтар пайда болып, бір-біріне іріткі салып жүргендерді де көріп жүрміз. Облыстық Журналистер одағының төрайымы ретінде кейінгі толқын сондай ұғыммен санасын улап алмас үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Бірінші кезекте әріптестерге деген сый-құрмет жоғары болуы керек. Көре алмаушылық, өзгенің еңбегін қызғану, аяқтан шалу журналист деген атқа үлкен сын. Иә, бізде бір-бірімен газет арқылы айтысып, өз ортасында абыройдан жұрдай болғандар бар. Олардың әрекетін қарап отырсам, кәдімгідей қабырғаң қайысады. Кейінгі толқынға берер тәлімі осы болды-ау деп іштей қынжыламын да. Бұған талаптың жоқтығы, кәсібиліктің төмендігі себеп. Жас журналистер осындайдан аулақ болса деген тілегім бар. Бәрі бір-бірімен әріптестік қарым-қатынаста болса, мұндай кикілжің болмасына сенімдімін.

– Осыдан үш жыл бұрын британдық психолог Кевин Даттон «еселаң» мамандықтар тізімін жасаған болатын. Қызығы сол, аталған тізімге журналистер де енген. Бұған не дейсіз?

– (Рахаттана күліп алып) Себебі журналистика саласы ми тынықпайтын жұмыс. Біз біреумен әңгіме дүкен құрып немесе әлдекіммен шай ішіп отырып та жұмысты ойлаймыз. Сұхбатым қалай шығыпты я болмаса мақаламды қалай бастасам екен деген ойға шомамыз. Түске дейін дәрігерден, түстен кейін әкімнен, кейін қылмыскермен жолығып, сұхбаттасып жатамыз. Енді қараңыз, үшеуі үш түрлі сала. Бірақ, саған міндеттелді ме? Демек, сол туралы жазуға тиіссің. Бізді ешкім журналист боласың деп мәжбүрлеп әкелген жоқ. Өз қалауымыз. Бәлкім психолог К.Даттон осыдан кейін біздің мамандығымызды «есалаңдар» қатарына қосқан шығар. Қалай дегенмен де мен ол тұжырымға ренжи қоймаймын. «Есалаң» немесе басқа болайық, бастысы халыққа пайдамыз тисе болды. Біздің жазғанымыздан, көрсеткен хабарымыздан ел өзіне қажеттісін алып, керегіне жаратып жатса, демек ол миссиямыздың орындалғаны деген сөз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Жансая Тәуекелқызы

«Оңтүстік Рабат», №26, 01.07.2015