Оңтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен мас жүргізуші ұсталды. Бұл оқиға Мақтаарал ауданында болған.
«Мас жүргізуші — қылмыскер» атты жедел-алдын алу рейді кезінде тәртіп сақшыларына 28 жастағы жергілікті тұрғын шағымданып келеді. Ол Жетісай-Атакент бағытындағы жолдың бойындағы АЖБ қасында өзінің «Лада» көлігін белгісіз біреу «Ауди» көлігімен соғып, қашып кеткенін айтқан.
Дереу қолға түсіру операциясын бастаған аудандық инспекторлар сипатталған белгілері сәйкес келетін көлікті тоқтатады. Дегенмен, рөлде отырған 24 жастағы Жетісай тұрғыны хаттама толтыру кезінде полицейлерге қатты қарсылық көрсетіп, балағаттайды. Тіпті, біреуінің қызметтік желетін жыртып алған.
Мас бұзақының қолына кісен салған тәртіп сақшылары оны полиция бөліміне жеткізеді. Тексеру барысында көліктің жүк салғышынан 16 калибрлі шолақ аңшы мылтығын тауып алды.
Медициналық тексерудің нәтижесі жүргізушінің орта дәрежеде мас екенін анықтап берді. Қазір бұл факті тіркеліп, бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олар: 287-бап (Қаруды заңсыз алып жүру, сақтау), 378-бап (Билік өкілін балағаттау), 379-бап (Билік өкілінің нұсқауына бағынбау) және 380-бап (Билік өкіліне күш көрсету). Бұған қоса жол-көлік оқиғасына қатысты әкімшілік іс қозғау мәселесі қарастырылуда.