Úı ANONS Елімізде кімдер қандай қару сатып алуына болады?

Елімізде кімдер қандай қару сатып алуына болады?

photo: ukazi.ru

Бұл сұрақтың жауабын Шымкент қаласы полиция департаментінің полиция капитаны Сұлтанмұрат Жорабекұлы айтып берді.

Оның айтуынша, заңға сәйкес, 18 жасқа толған азаматтар өзін-өзі қорғау үшін тек газды тапанша иеленуге құқы бар. Аңшылық мақсатта пайдаланатын азаматтық қаруды 21 жастан бастап алуға болады.

«Бұл үшін Ішкі істер органдарынан тұрғылықты мекенжай бойынша берілген рұқсат қағазы, медициналық, наркологиялық және психоневрологиялық анықтамалар, қаруды қауіпсіз ұстау қағидалары бойынша оқудан өткені туралы құжат қажет. Содан кейін Е-Лицензия порталы арқылы өтініш жолданады», — деді ол.

Маманның сөзінше, үміткердің соттылығы міндетті түрде тексеріледі.
Сондай-ақ, қаруды өзін қорғау мақсатында да қолдануға болмайтын жағдайлар бар.

«Тіпті өзін қорғау қажет болса да, жүкті әйелдерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға және кәмелетке толмағандарға қарсы қару қолдануға қатаң тыйым салынады. Бұл талапты бұзғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады», — деді полиция капитаны Сұлтанмұрат Жорабекұлы.