Ішкі істер министрлігі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету шараларын күшейтуді жалғастыруда, оның ішінде заңсыз айналымдағы қаруды тәркілеу жұмыстары да бар.
— Жыл басынан бері 900-ден астам қару тәркіленді, оның ішінде қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 74 қару бар. Сондай-ақ айналымнан төрт мыңнан астам оқ-дәрі алынған. 27-29 сәуір аралығында елде «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасының екінші кезеңі өткізілді. Үш күн ішінде 67 дана атыс қаруы және түрлі калибрдегі 200-ден астам оқ-дәрі тәркіленді. 27 сәуір күні Алматы қаласында полиция қызметкерлері Сайран көлінің жағасынан қаңтар оқиғасы кезінде қару-жарақ дүкенінен ұрланған қаруды анықтады. Ішкі істер министрлігі ескертеді: заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде тапсыру қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатады. Азаматтарды заңсыз сақталған қаруды тапсырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлесін қосуға шақырамыз, — деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.







