Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік академиясы жас шәкірттерге тұсаукесер ұйымдастырды

584
Студенттер

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік академиясы биыл 400-ге жуық студентпен толықты. Осыған орай білім ордасының ұстаздары қатарға енді қосылған шәкірттерге «Тұсаукесер» кешін ұйымдастырып, студенттік билеттерін табыстады.

Студенттер

Салтанатты шара халықтар достығы үйінде өтті. Студенттер ант беріп, одан кейін білім кілті мен студенттік билеттер жастарға салтанатты түрде табысталды. Факультет декандары қоғамдық өмірде белсенділік танытқан жастар мен «Алтын белгіге» ие болған талапкерлерді марапаттады.

Фармацевтикалық академия қарқынды түрде дамып келеді, осыны ескерген талапкерлер оқу орнын ойланбастан таңдайды. Солардың бірі – Дана Құрбанәлі. Бірінші курс студенті – Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі. Ол арманы жету үшін дәл осы оқу орнын таңдадым дейді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=fmpR4uWfKmk[/youtube]

Дана Құрбанәлі, І курс студенті: «Фармацевт болу менің бала кезімнен арманым болған. Ал ем іздеген азаматтарды дәрі-дәрмекпен емдеп, әрқашан көмек қолын созу – басты мақсатым. Енді осы фармация факультетін үздік тәмамдап, білікті маман боламын деген үміттемін.»

Сапалы білім беретін әрі заманауи оқу әдісін жолға қойған білім ошағы алыс және жақын шетелмен тығыз байланыс орнатқан. Студенттер ел асып, шетел тәжірибесімен танысу мүмкіндігіне де ие. Факультет деканының айтуынша, фармацевт мамандығын иемденген студенттер жұмыспен толық қамтылады екен.

Нарбек Жұмабайұлы, фармацевтика факультетінің деканы: «Тиісті мекемелер, зауыттар мен фирмалардан шәкірттерімізге оқу бітірмей жатып сұраныс түсіп жатыр. Оңтүстік өңірінен ғана емес, Батыс, Шығыс Қазақстан өңірлері оқу орнымызды тәмамдаған студенттерді жұмысқа қабылдауға дайын. Сондықтан бітіруші түлектерді жұмысқа орналастыруда ешқандай кедергі жоқ!»

Нарбек Жұмабайұлы

Медицина мамандарын даярлайтын оқу ордасы жалпы фармацевтика, фармацевтика өндірісіндегі технология, қоғамдық денсаулық сақтау, медико-профилактикалық дайындық, сондай-ақ, мейірбеке ісі мамандықтары бойынша білім береді. Биыл аталған барлық мамандық бойынша 314 студент оқу орнына түскен. Ал жалпы академияда 3 000-ға жуық студент тәлім алады.