Úı ANONS Қала күніне орай жаңа нысандар іске қосылды

Қала күніне орай жаңа нысандар іске қосылды

Шымкент қаласы күні қарсаңында бірнеше жаңа нысанмен толықты. Тұрғындар үшін заманауи Мәдениет үйі, бірегей Гүлдер аллеясы және жаңа саябақ есігін айқара ашты. Бұл жобалар мегаполистің келбетін өзгертіп қана қоймай, бизнесті дамытуға серпін бермек. 

 

Текесу тұрғын алабында бұрын-соңды болмаған Мәдениет үйі бой көтерді. Аумағы 300 шаршы метрді құрайтын жаңа ғимаратта акт залы мен түрлі үйірме бөлмелері қарастырылған. Осыдан 40 жыл бұрын көшіп келген жергілікті тұрғындар бұл жаңалыққа дән риза. Солардың бірі — 19 немеренің әжесі Қалипа Есқұлова. Ол енді балаларын қала орталығына сабылтпай, осында-ақ өнерге баулитынымызға қуаныштымыз дейді.

 

ҚАЛИПА ЕСҚҰЛОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Мұндай клубты көрмегенбіз. Елімізге осында сәулетті ғимарат салып беріп жатқан ер-арзаматтарға шексіз қуаныштымыз. Себебі немерелерімізге үйірмедлер ашылса, менің немерелерім бар. Қалаға домбыра үйірмесіне барады. Келгенше көзіміз қарауытып күтіп отыратын кездер болады. Немерелерім өсіп келе жатқан кезде осындай нысан ашқандарға Алланың нұры жаусын деймін».

 

Мәдениет ошағының мәселесі 2025 жылы қала әкімінің халықпен кездесуінде көтерілген еді. Мұны естіген жергілікті кәсіпкер демеушілік танытып, әкімдіктің ұсынысымен құрылысын бастаған. Ал нысан құрылысы небәрі екі айдың ішінде аяқталып үлгерді.

 

ҚАЙЫРКЕН ЖАНЫСБАЕВ, ДЕМЕУШІ: «Сондай мақсатым болды. Менде компания атынан үлес қоссам деп Әл-Фараби ауданы әкімі Маратбек ағама өзім өтініш тастадым. Қандай да бір ғимарат салу керек болса, салып берейік деп. Осы мәдениет үйін айтты. Халыққа салып бердік».

 

Жобаның жалпы құны — 90 миллион теңге. Игі істің басы-қасында жүрген инвесторды қала басшысы арнайы марапаттады.

 

Бизнесті қолдау мақсатында жүзеге асқан тағы бір ауқымды жоба – «Астана» шағынауданында бой көтерген «Гүлдер аллеясы». аламыздағы нағыз гүлдер әлеміне айналды. Мұнда менің қолымдағыдай әдемі раушан немесе қалауыңыздағы кез келген гүлді табуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар мұндағы түрлі түске боялған павилиондар ерекше атмосфера сыйлайды.

 

Жаңа нысанда кәсіпкерлер үшін заманауи гүл дүңгіршектері орналасқан. Бірыңғай архитектуралық стильде безендірілген аумақ тұрғындар үшін тартымды әрі жайлы демалыс орнына айналмақ. Мұндағы саудагерлер де жаңа бастаманың тиімділігін жоғары бағалап отыр.

 

БАТЫРХАН ӘМІРБЕК, КӘСІПКЕР: «Бірнеше жерде дүкеніміз болды. Жабайы сауда болып кетеді көбіне. Қалада халық көп. Миллионник сондықтан осындай хаб салу тиімді. Қазір 1 нүктем басқа жерде. 2 нүктеміз осы жерде ашылған».

 

Үш мың шаршы метрді алып жатқан гүлдер аллеясына инвесторлар шамамен 1 миллиард теңге құйған. Соның арқасында қалада 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал жергілікті әкімдік құрылыс алаңын қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп, жобаның қысқа мерзімде бітуіне атсалысқан.

 

ЕРМЕК ТҰРМАНОВ, КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қараша айында бастап, 2026 жылы аяқталды. Қазір жалға алушылармен келісіп қазір соларды орналастары жұмыстары жүріп жатыр. Қалада гүл сатумен айналасытын кәсіпкерлер көп. Олар әр жерде шоғырланған. Соларды бір жерге шоғырланса, тұрғындар біледі гүлді қайдан алу керегін, ассортимент қайда көп бар»

 

Мұнымен қоса, мереке аясында «Shymkent City» шағынауданында жаңа саябақ пайдалануға берілді. Салтанатты шараға қала әкімі мен шаһар тұрғындары қатысты. 4 гектардан астам аумақты алып жатқан демалыс орнында серуендеуге арналған барлық жағдай жасалған. Әсіресе, көгалдандыру жұмысына ерекше мән беріліп, аймақ климатына бейімделген шынар, үйеңкі, шетен сынды ағаштары отырғызылды. Жаңа демалыс орны — мегаполисті заманауи әрі жасыл қалаға айналдыру бағытындағы ауқымды жұмыстардың айқын дәлелі.

Осымен 3 кезеңге бөлінген ШымСити саябағының құрылысы толық аяқталды. Жауаптылар қаланың ең көрікті аймағына айналатынына сенімді. Осылайша, Қала күніне тарту етілген жаңа нысандар Шымкенттің даму қарқынын тағы бір мәрте айшықтай түсті.

Әсел Мәлік