Úı ANONS Баға тағы қымбаттайды

Баға тағы қымбаттайды

Жарық, су және жылу тарифтері қымбаттап жатыр. Қазір елімізде электр энергиясының жаңа бағасы қызу талқыланып жатыр. Билік коммуналдық қызметтер құнын алдағы жылдары кезең-кезеңімен көтеруді жоспарлап отыр. Шенеуніктер бұл шараны экономикалық қажеттілікпен түсіндіріп отыр. Алайда халық коммуналдық төлемдердің артуы тұрмысқа салмақ түсіреді деп алаңдайды.

Электр энергиясының бағасын өзгертуге қатысты министрліктің бұйрық жобасы қоғамдық талқылауда. Ведомство тарифтерді 1 шілдеден бастап қайта қарауды ұсынып отыр. Мұндай шешімге жабдықтарды жөндеу мен жаңартуға қосымша қаражат сұраған 60 энергия өндіруші компанияның өтініші себеп болған.

«Аталған шешім жөндеу науқандарын белгіленген мерзімде жүргізу үшін қажетті қаржылық жағдайды қамтамасыз етуге, сондай-ақ жабдықтарды жаңғырту және олардың сенімділігін қолдау бойынша ұзақ мерзімді бағдарламаларды іске асыруға бағытталған»

 Сонымен қатар, шенеуніктер тарифтерді қайта қарау әлеуметтік жағымсыз салдарға әкелмеуі тиіс екенін ерекше атап өтті. Әңгіме, электр энергиясының көтерме сауда нарығы туралы болып отыр, яғни бұл халық үшін тарифтердің тікелей қымбаттауын білдірмейді. Дегенмен, сарапшылар электр энергиясы құнының өсуі – уақыт еншісіндегі мәселе деп есептейді.

ОЛЖАС БАЙДІЛДИНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫ ЖАНЫНДАҒЫ САРАПШЫЛАР КЛУБЫНЫҢ МҮШЕСІ: «Электр энергиясының тарифтері уақыт өте келе өседі. Қазір 1 киловат үшін орташа есеппен 30 теңге төлеп отырмыз. Алдағы уақытта бұл баға шамамен 40–45 теңгеге дейін жетуі мүмкін, тіпті 20 теңге деңгейімен салыстырғанда 2–3 есеге дейін өсуі ықтимал».

 Министрлік коммуналдық тарифтерді кезең-кезеңімен арттыру жоспарын ұсынды. Ресми органдар күрт өсім болмайтынын айтқанымен, су, электр және жылу қызметтерінің бағасы алдағы жылдары біртіндеп қымбаттауы мүмкін. Шығындар инфрақұрылымды жаңғырту қажеттілігіне байланысты бірнеше жылға бөлініп енгізіледі екен.

ТИМУР ҚОСЫМБАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: «Мысалы, 5 млрд теңгелік жөндеу жұмыстары тарифке толық емес, тек 500 млн теңге көлемінде ғана енгізіледі. Бұл бағаның күрт өсуіне жол бермеу үшін жасалып отыр. Су тарифтері жыл сайын орта есеппен 20 пайызға қымбаттауы мүмкін. Мамандар мұны Қазақстандағы су бағасының әлі де төмен деңгейде болуымен байланыстырады. Ал 2029 жылға қарай тарифтер екі есеге дейін өсуі ықтимал»

 

 Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы тарифтерді арттыруға қатысты мораторий 1 сәуірде аяқталды. Содан кейін, коммуналдық қызметтер бойынша бағаның қайтадан өсіп жатыр.

Лаура Бабас