«Отырар TV» телеарнасының «Бізде қонақта» тұрақты айдарының кезекті қонағы — зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың ОҚО филиалы директорының орынбасары Қаражанова Несібелі Төреханқызы.
-Несібелі Төреханқызы, асыраушысынан айырылғандар туралы әлеуметтік жәрдемақы кімдерге тағайындалады, мұндай көмекті кімдер алуға құқылы?
-Мұндай әлеуметтік жәрдемақылар әкесі немесе шешесі қайтыс болған жағдайда тағайындалады. Яғни оған баланың анасы, әкесі немесе қамқор болып, асырап алған заңды өкіл ие бола алады.
-Ол үшін қандай құжаттар қажет?
-Баланың әкесі немесе шешесі қайтыс болған жағдайда, әлеуметтік жәрдемақы алуға арызданатын адамның жеке куәлігі, тұрғылықты мекенжайы туралы анықтама, адамның қайтыс болғанын растайтын анықтама, әйелінің немесе күйеуінің неке куәлігі, балалардың туу туралы куәліктері және бала 18 жастан асса, оқитын жоғары, орта арнаулы білім ошақтарында күндізгі бөлімде оқитынын дәлелдейтін анықтама қағазы керек.
-Асыраушысынан айрылған отбасында бір немесе одан да көп бала болуы мүмкін. Сол бала санына сәйкес төленетін жәрдемақы мөлшерін анықтап айтып берсеңіз.
-Асыраушысынан айрылғандарға тағайындалатын әлеуметтік жәрдемақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлеміне сай белгіленеді. Егер әкесі немесе шешесі қайтыс болған жағдайда, бір балаға — 14 782 теңге, екі балаға — 25 424 теңге, үш балаға — 31 619 теңге, төрт балаға — 33 542 теңге, бес балаға — 34 610 теңге, алты және одан да көп балаға 36 106 теңге төленеді. Ал екі бірдей ата-анасы қайтыс болса, оларға тұлдыр жетім ретінде әр балаға 20 083 теңгеден тағайындалады.
-Кейде бала қос бірдей асыраушысынан, әкесінен де, шешесінен де айрылып қалса, оны өзге бір туыстары, жақындары асырап алуы мүмкін. Бұл ретте қандай жәрдемақы қаралған?
-Мұндай жағдайда жетім баланы қамқорлығына алған адам заңды өкіл, қамқоршысы болып табылады. Мұндай жағдайда заңды өкілі өз әлеуметтік құқығын жоғалтпайды. Жәрдемақы тағайындалады.
-Ал жәрдемақы қай кезден бастап беріледі?
-Әлеуметтік жәрдемақы адамның қайтыс болған күнінен бастап төленеді. Мысалы, адам маусым айында қайтыс болса, ал құжаттары (жәрдемақы алуға байланысты) қаңтар айында рәсімделсе, заң талабына сай сол маусым айынан бастап есептеліп, толықтай төленеді. Ал сот арқылы жетім баланы қамқорлығын алса, ол тұлғаға жәрдемақы сот шешімі өз күшіне енген мерзімнен бастап төленеді.
Айта өтейік, Оңтүстікте асыраушысынан айрылғанына байланысты әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны — 25 700 адам. Бұл жәрдемақы Қазақстанның мүгедектікке, асыраушысынан айрылған және жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы туралы заңының 3-бөлігі, 13-17-баптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Сұхбаттасқан — Махаббат Әбдешова