Шымкентте «Абай» операсы сахналанады

480

Шымкентте «Абай» операсы халықаралық деңгейде сахналанады. Оған облыстық опера және балет театрының барша ұжымы жұмылдырылып отыр. Бұл жөнінде өнер ошағының өткізген баспасөз-мәслихатында айтылды.

Ұжымға қойылымды қою үшін көмекке Алматы қаласының Абай атындағы опера және балет театрының 7 маманы шақырылып отыр екен. Айтулы еңбектің қоюшы режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Махинур Рахманова, оның кеңесшісі, Қазақстанның халық әртісі Ғафиз Есімов те бар. Ал шығармаға белгілі дирижер Асқар Бөрібаевтің өзі көркемдік жетекшілік етпек.

Асқар Бөрібаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: «Бұл «Абай» операсы – мен үшін де дирижерлік бағыт бойынша премьера. Сондықтан үлкен жауапкершілік пен қобалжуды бастан өткерудемін. Бұған дейін осы шығарманы Алматыда дирижер Алан Бөрібаев қойған. Қазір енді осында арнайы шақыртумен келіп, сахнаның шаруасына кірісіп кеттік. Ал операдағы тағы бір басты кейіпкер, ол – Жиренше. Оны Қазақстанның мәдениет қайраткері, Абай атындағы опера және балет театрының солисі Есенгелді Рзин сомдайы. Бұл Қазақтың ең ауқымды әрі ең күрделі операсы екенін тағы да қоса кетейін. Осы орайда біз екі жақты меморандум түздік, енді күнгейдегі опера және балет театры мен Абай атындағы опера және балет театры бірлесе, тәжірибе алмаса жұмыс жасайды. Мұның мақсаты – бекзат өнерді дамыту, оны көпшілік арасында кеңінен насихаттау. Ал бұл айтулы бастаманы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Күлия Айдарбекова көтеріп, ұсыныс жасап, жүзеге асырып отыр».

"Абай" операсы
«Абай» операсы

Әзірге облыстық опера және балет театрының ұжымы премьералық спектакльге қызу дайындалып жатыр. Қойылымда Абайдың рөлін театрдың тәжірибелі солисі Марат Оразмет сомдайды. Оқиға желісі бойынша ақын Абайдың қоғамдағы түйткілді мәселелерге көз жұмбай, тиісінше халықтың мүддесі үшін күресуі көрініс тапқан. Және қос ғашық Айдар мен Ажардың риясыз сезімдері де баяндалады. Айт өтейік, «Абай» операсының премьералық қойылымы 18-19 қараша күндері жұртшылық назарына ұсынылмақ.