Шымкентте «Абай» операсы сахналанды

928
"Абай" операсы

Облыстық опера және балет театрында «Абай» операсының премьералық қойылымы сахналанды. Бұған театрдың барша әртістерімен бірге операның бас дирижері, көркемдік жетекшісі ретінде Алматы қаласындағы Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрның директоры Асқар Бөрібаев шақыртылыпты. Ауқымы кең спектакль ақын Абай Құнанбаевтың 170 жылдық мерейтойының құрметіне арналып отыр.

"Абай" операсы
«Абай» операсы

Ұлы ақын Абайдың философиясы, оның поэзиясы, бастысы, ой-елегі мен бүгінгі қоғамды болжауы — мұның барлығын да көрермен сахнадан көре алды. Ойшылдың жүрек түбіндегі сырын ән арқылы тыңдады. Абайды сомдау Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты Талғат Күзембаевқа жүктелген.

Абайдың рөлін Талғат Күзембаев сомдады
Абайдың рөлін Талғат Күзембаев сомдады

Талғат Күзембаев, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: «Әрине, үлкен қобалжуды сезіндім. Абайды көпшілікке таныстырғаныммен,  Абай — жалғыз тұлға, ондай болуға ұқсап баққанымызбен, оның даралығы, даналығының өзі бір төбе! Бірақ, рөлді ойнап, сахнада Абайды әнін айтқанда өзімді бақытты сезіндім. Залда ине шаншырлық орын болмады, соған қарап, Абайды іздеушілер, оның соңынан ерген жастар бар екен ғой деп марқайып қалдым. Бастысы, мен көрерменнің ықыласын көріп, кейіпкердің, маған жүктелген образды сәтті сомдадым дей аламын».

12270277_1617713975145486_1304201475_n

Оқиға желісі бойынша ақын Абайдың қоғамдағы түйткілді мәселелерге көз жұмбай, керісінше, халықтың мүддесі үшін күресуі көрініс тапқан. Және қос ғашық Айдар мен Ажардың риясыз сезімдері де баяндалады. Қуантарлығы — көрермендер залында аға буын емес, жастардың да қарасы қалың. Көпшілік арасында қойылымды түрегеліп тамашалағандар да көп болды.

Абайдың рөлін Талғат Күзембаев сомдады

Жәнібек Тағаев, облыстық опера және балет театрының директоры: «Бұл қойылым, «Абай» операсының ерекшелігі — өзге өңірлерде қойылып, көпке ұсынылғанымен, біздің спектакль анағұрлым көш ілгері. Айтулы жетістік! Абай атындағы опера және балет театрынан жетіспеген сазды аспаптарды алып келдік. Ұжым 7 арнайы сазды аспап арқылы әнді, тұщымды шығарманы ұсынды, мамандар оның сапасын қадағалады».

Ұжымға қойылымды қою үшін көмекке Алматы қаласының Абай атындағы опера және балет театрының 7 маманы шақыртылып отыр. Қойылымның музыкалық және көркемдік жетекшісі, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының бас директоры және көркемдік жетекшісі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі дирижер Бөрібаев Асқар Исмайылұлы, қоюшы режиссері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Рахманова Махинур Хамитқызы, режиссер кеңесшісі — Қазақстан Республикасының Халық әртісі Есимов Ғафиз Қадірұлы.

Операның премьерасын тамашалау үшін көппен бірге облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов, облыс әкімінің орынбасары Ерлан Қуанышұлы Айтаханов, облыстық мәдениет басқармасының басшысы  Күлия Смайылханқызы Айдарбекова және арнайы шақыртылған қонақтар — Ахмет Жұбановтың қызы, ғылым докторы, профессор Ажар Ахметқызы Жұбанова, «Астана-опера» театрының көркемдік жетекшісі, дирижер Алан Асқарұлы Бөрібаевпен бірге облысымыздың зиялы қауым өкілдері арнайы келді.

«Абай» операсының премьералық қойылымы 2,5 сағат бойы көрермен назарына ұсынылды. Айта өтейік, айтулы спектакльге мейман өнерпаздарды қоспағанда, театрдың барлық ұжымы жұмылдырылып отыр.