Қар құрсауында қалған Оңтүстік жүргізушілері көмек сұрайды

334
Қар құрсауы

Қарағандыдағы қарлы боранда оңтүстікқазақстандықтар да қалып кеткен. Редакциямызға хабарласып, көмек сұраған жүк көлігінің жүргізушілері жағдайларының мүшкіл екенін жеткізді.

Қарағанды облысындағы жолдарда 1000-ға тарта көлік қозғала алмай, қар құрсауында тұр. Спасск елдімекенінің маңындағы асуларда 4 күннен бері тұралап қалған көліктерге кеше ғана көмек жетті. Ал сол құрсауда қалған оңтүстікқазақстандық жүргізушілердің жағдай мүшкіл.

Қар құрсауы

Жеңіс Еркінов, жүк көлігінің жүргізушісі: «Бес күн болды жатқанымызға. Не алға, не артқа жүре алмаймыз. Бұрыла алатындар артқа кетіп жатыр. Біз сияқтылар қалды қалың қардың арасында. Жағдайымызды сұрап ешкім келмейді. Күндікке машинаны оталдырып қойып отырмыз. Сұйық отынымызда таусылуға айналды. Бүгін шамалы боран басылды. Бірақ, жол көрінбейді».

Жергілікті билік қар құрсауындағыларға тіске басар жеткіздік деп жар салғанмен, жүргізушілер мен жолаушылар аш-құрсақ отырғандарын айтады.

Жеңіс Еркінов, жүк көлігінің жүргізушісі: «Кеше көмек келді. Сондағылары үш бөтелке минериалды су беріп, төрт бөлке нан тастап кетті. Ол не болады? Қасымызда қалған әр автобуста 60 адамнан. Олары не болады?»

Артқан азықтары үсік шалған жүргізушілер Орталық Қазақстан өңірі билігінен мардымды көмек болмағандықтан, күнгейден жәрдем сұрайды. Алайда, Оңтүстік құтқарушылары ол жаққа барып, көмек көрсете алмайтындарын жеткізді.

Нұржан Әсібеков, ОҚО ТЖД бөлім басшысы: «Ия, рас, қар құрсауында біздің өңірдің де көліктері бар. Егер министрлік арнайы бұйрық берсе, баруға дайынбыз. Ал өздігімізден қимылдай алмаймыз.»

Ал ауа райын болжаушылар Қазақстанның барлық аймақтарында атмосфералық ағымдардың өтуіне байланысты тұрақсыз ауа райы сақталады деп отыр. Қар, бұрқасын, тұман түсіп, көктайғақ пен желдің күшеюі мүмкін. Яғни жуық арада жол ашылмайтын секілді. Осы тұста ауа райын өздігінше болжайтын Нұрқабыл Қозыбай ең суық күндер желтоқсан айында қалады деп қуантуда.