Прокурорлар: «Облыста ұрлық өршіп тұр»

361
Мал ұрылары

Оңтүстікте биылғы 10 ай ішінде 14 мыңға жуық ұрлық тіркелген. Бұл — өңірде жасалған жалпы қылмыстың 44 пайызы. Сұғанақтыққа бой алдырғандардың 92 пайызы — жұмыссыздар.

Бұл туралы облыстық прокуратурада өткен үйлестіру кеңесінде айтылды. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, қылмыстың осы түрінің өршуіне алдын алу жұмыстарының бәсең жүргізілуі сеп.

Мал ұрыларыОңтүстікте мал ұрлығы мен қалта және ұялы телефон ұрлығы өршіп тұр. Прокурорлардың берген мәліметі осыған дәлел. Құқық қорғаушылар барымташылық пен сұғанақтыққа қатысты арнайы фильм дайындатыпты. Ондағы келтірілген деректерді атап өтіп, қылмыстың осы түрімен күресуге күш біріктіру қажеттігін жеткізді. Әсіресе, аудандарда әккі әрекеттер әлдеқайда көбейіп отыр дейді құзырлылар.

Ұрлықпен күресуде бейнебақылау камераларынан да пайда болмай тұр. Облыстың түкпір-түкіпірінде қазір осындай 360 құрылғы орнатылған екен. Соның көмегімен тек 200-ден астам ғана қылмыс ашылыпты. Демек, қондырғымен жұмыс істеуге құлықсыздар жетерлік деп отыр құзырлылар. Ал мал ұрлығы бойынша ахуал тіптен күрделі.

Сол үшін де осы үйлестіру кеңесінде аталған қылмыспен күресті күшейтуге қатысты түрлі ұсыныстар айтылды. Оның алғашқысы — тәртіп сақшыларының тірлігін қатаңдату. Оған қоса жұртшылық арасындағы белсенділердің басын қосып, қоғамдық ұйымдарды ашу.

Арнайы портал арқылы олардың қылмыспен күресуіне жағдай жасау қажет. Бұған әкімдіктер де атсалысуы шарт. Ал ең бастысы қалың қауым арасында сақтықты алдымен өздерінен бастау керегін жіті түсіндіру дейді кеңес мүшелері.

Мақсат Жақсыбаев