Шымкент оқушыларының еңбектері «Ехро-2017» халықаралық көрмесінде таныстырылады. Оған қазір ел тарихы мен дәстүрінен сыр шертер шығармаларды дайындайтын мектеп оқушылары іздестіріліп жатыр. Бұл жөнінде Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Ынтымақ Мәдиев мәлімдеді.
Халық ертегілеріндегі кейіпкерлер, ондағы дәстүр-жоралғылар… Көрмеге қойылған туындылар осы туралы «сөйлейді». Төл тұрмысымызда қолданған ұлттық ағаш бұйымдары да шараның ажарын ашты. Текемет пен тоқыма шеберлерінің еңбектері де осында. Шәкірттер киізді де кәдеге жаратыпты.
Тоғжан Ырыскелді, көркемсурет мектебінің оқушысы: «Бұл еңбегім панно деп аталады. Кизді қырқып алып, оны біртіндеп боядым, жарты сағат бойы кептірдім. Сосын кілегеймен жапсырып шықтым. Ою-өрнектермен көмкеріп, түйелердің бейнесін, үлы көшті суреттедім және Қазақтың ен даласын жасадым. Бұл арқылы еліміздің өткенін көруге болады деп ойлаймын.»
«Дала аңыздары» атты көрмеге шаһарымыздағы мектептердің 180 шәкірті қатысты. Олардың мұнда 200-ге тарта туындысы таныстырылып отыр. Ал шараны қолға алған Шымкент қалалық білім бөлімі басшылығының айтуынша, үміткерлердің еңбектеріне қойылатын талап жоғары.
Ынтымақ Мәдиев, Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы: «Суреттер мен қолөнер еңбектерінің, ең алдымен, мағынасына, тарихына қараймыз. Мәселен, хандар мен батырлардың бейнесінде олардың жүзіндегі қырағылық пен батылдықты бейнелеуі қажет. Және бояуларына, шеберлердің жаңа әдіс-тәсілдерді қолданып жасаған дүниелерін ескереміз. Көрме қатысушыларына осындай талаптар қойылды. Қуантарлығы — бүгін мұның барлығы да бар. Енді бағалау, үздікті анықтау қиынға соғайын деп тұр.»
Сапасы мен мазмұны үндесіп, оқушылар арасында оқ бойы озық шыққан тарихи қолөнер бұйымы үлкен қолдауға ие болады. Сөйтіп, алдағы Ехро-2017 халықаралық көрмесіне жолдама алмақ. Ал ұйымдастырушы тарап көрменің қорытындысын 2 айдың ішінде жариялайтындарын жеткізді.
[youtube]https://youtu.be/_wh6lGXNBQc[/youtube]