«Қолөнер-ұлттың рухани қазынасы». Осындай атаумен Шымкент қаласында ұлттық өнерді насихаттау іс-шарасы өтті. Мұндағы мақсат, қолөнерді дәріптеу, рухани мұраны сақтау және ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу. Сондай-ақ, жастарды ұлттық өнерге баулу арқылы болмысызды нығайтуға үлес қосу. Іс-шара аясында жыл бойында ерекше көзге түскен, қолөнерге ерекше дем бергендерге алғыс хат табысталды.
Нүрбибі Омарова зейнетке шыққан соң, қолөнермен айналысуды жөн көрген. Ол 2019 жылы қарағандыға барып, шеберлерден сабақ алып, ұлттық құндылығымызды дәріптеудің қыр-сырын меңгеріп келген. Қазіргі таңда қойдың жүнінен түрлі оюмен көмкерілген заманауи киімдер тігумен айналысады. Бұл ата-бабамыздан қалған мұра. Сондықтан, оны жастарға үйрету біздің міндетіміз деп отыр. Сонымен қатар, жүннен жасалған заттың адам денсаулығына да пайдасы зор екен..
НҮРБИБІ ОМАРОВА, ЗЕЙНЕТКЕР: «13-14 ғасырда біздің ата-бабаларымыз осы жүннен ғана киім тігіп киген. Алты қанат киіз үйде осы киізден болған. Жазда салқын болады, қыста жылы болады. Одан қалса, адам денсаулығына өте пайдалы. Осыдан 4-5 жыл бұрын америкалық ғалымдар қойдың жүнінде иод көп екен деп жаңалық ашты. Оны біздің ата—бабамыз бұрын ертеден жаңалық ашып кеткен. Қан қоюланған кезде, суықтағанда, давление болғанда бұның пайдасы өте зор».
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Шымкент қаласының қолөнершілері ұлттық өнерді дәріптеу барысында маңызды жетістіктерге қол жеткізген. Олар өз бетінше, ешбір қолдаусыз төл өнерді көпшілікке паш етіп, мәдени әлеуетімізді арттыруға ықпал етуде. Сондықтан, олардың еңбегі еленіп отыр дейді.
МӨЛДІР ОҢДАСЫНОВА, ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Бұл кісілер өздері жеке, қызығушылықтарынан басталған ғой. Жұмыстары. Неге десеңіз, олар мемлекеттен қолдау, ақшалай субсидия алып отырған жоқ. Соған қарамастан, қаламыздың қолөнер туындыларына үлес қосып отыр. Соған орай, біз әкімдік тарапынан әжелерімізге, әпкелеріміздің жұмыстарына мән беріп,алғысымызыд білдірейік дегенбіз».
Іс-шарада халқымыздың тарихы мен сонау салт-дәстүрінен хабар беретін шеберлердің төл туындыларынан көрме ұйымдастырылды. Олардың ішінде қазақтың ұлттық киім-кешектері, әшекей бұйымдары, оюланған қол сөмкелері бар. Бұдан бөлек, іс-шарада ұлттық болмысызды сақтап, құндылықтарымыз қаайта жаңғыртуға үлес қосқандар алғысқа бөленді.
Айта кетейік, қала бойынша 60 — қа жуық қолөнер шеберлері рухани мұраларымызды дәріптеп жүр. Олардың арасында құрақ көрпеше тігіп, рекордтық көрсеткішке қол жеткізген жандар да бар.
Нұргүл Жолымбетова






