Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңесінің отырысы дәрігерлерге арналды

452

Өңір басшысы Б.Атамқұловтың төрағалығымен облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанындағы қоғамдық кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті. Күн тәртібінде департамент басшысы М.Ахметов облыстағы медициналық ұйымдардың қызметтерінде сыбайлас жемқорлықтың туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және барынша азайту бойынша жүргізілген талдау нәтижесінде атқарылған шаралар туралы баяндады.

қоғамдық кеңес

Департамент басшысының хабарлауынша, денсаулық сақтау саласында бірқатар кемшіліктер анықталған. Атап айтқанда кейбір медицина мекемелерінде пандустардың қарастырылмауы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын шектеуге себеп болған.

Айта кетейік, облыстық денсаулық сақтау басқармасы өңір тұрғындарына денсаулық сақтау саласы бойынша 16 мемлекеттік қызмет түрін көрсетсе, соның 13-і тегін. Бұнан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Пакеев өңірдегі медициналық ұйымдардың қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелділігін төмендету және жою бойынша жасалған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, биылдың 10 айында 10 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылып, алдыңғы қатарлы шет мемлекеттерде білімін жетілдірген.

Жиында, сондай-ақ, медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыстық департаменті басшысының орынбасары А.Ізбасарова салада атқарылған жұмыстарға тоқталып, өңірдегі медициналық қызметтің орындалу деңгейіне тоқталды.

Отырысты қорытындылаған өңір басшысы сала мамандарына денсаулық сақтау саласындағы жұмыстарды жүйелеуді тапсырып, қағазбастылықтан арылып, ІТ технология бойынша жұмыс істеуге көшу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, дәрігер мамандығын иеленген әр азаматты өз кәсібіндегі міндетін абыройлы атқаруға шақырды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі