Бәйдібек ауданында жыл басы — Наурызда жаңа демалыс орындары ел игілігіне тапсырылды. Онда өлкенің құрметті азаматтары мен жастар аллеясы пайдалануға берілді. Биыл аудан басшылығы бұдан бөлек тағы төрт бірдей аллеяны әлеуметтің әжетіне жаратпақ.
Бұл — Бәйдібек ауданы орталығынан бой көтерген алғашқы аллея. Шаянның шырайын кіргізген орын ардагерлерге арналған. Мұндағы мәрмәр тасқа 400-ге жуық ауданның құрметті азаматының есімі қашалып жазылыпты. Қалың қауым ел үшін еңбегін аямаған ардагерлер тақтасын аралап көрді.
Нұрлан Орынбеков те тақтайшадан өз есімін көріп, көзайым болды. 362-нөмірмен аты-жөні қашалып жазылған ардагер елге осындай мұра қалдырғанына дән риза. Ұрпаққа ұлағат қалдыруда бұл таптырмас тың дүние деп отыр.
Бұдан соң жалпақ жұртқа жастар аллеясы таныстырылды. Мұнда қос ғашықтың ескерткіші орнатылған. Олар — бүгінгі қоғамда бар адамдар. Бейнедегі бозбала спорттан чемпион атанса, бойжеткен мектеп аралық олимпиада жеңімпазы. Мүсіндегі қос ғашықтың сұлбасы енді ауылдағы өрендерге өнеге болмақ.
Аллеяда, сондай-ақ, неке қию рәсімі де өтті. Жаңадан шаңырақ көтерген отбасылардың шаттық тойы тура осы күнге дөп түсіпті. Ауылдың ақсақалды қариялары мен ақжаулықты аналары батасын беріп, Ұлыстың ұл күнінде құрған отауларының мәңгілік болуына тілек білдірді.
Аллеялардың ашылуынан кейін бәйдібектіктер Наурыз мерекесін тойлады. Шат-шадыман дүбірлі думанда әр ауыл өздігінше алты қанат ақ үй тігіп, ақ дастархан жайды. Ал қалың қауым қызықтау үшін концерттік бағдарлама қойылды.
Сөйтіп, бәйдібектіктер жаңа жыл басын демалыс орындарын ашумен бастады. Биыл тағы осындай тағы төрт бірдей аллеяны пайдалануға беріліп, әлеуметтің әжетіне жаратылмақ. Осылайша Шаянды шырайландыруға жергілікті билік баса мән беріп отыр.
Мақсат Жақсыбаев